Жаңаөзенде жасөспірім қызының төбелескені үшін анасы 79 мың теңге айыппұл арқалады
 
                                                    Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Х. есімді азаматшаға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі қарады. Ол кәмелетке толмаған қызын тәрбиелеу жөніндегі өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Сот барысында 8 қазан күні 14 жастағы қыз өзімен қатарлас құрбысын ұрып-соққаны анықталды. Жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Сот отырысында анасы өз кінәсін мойындап, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен келісетінін айтты. Ол зардап шегуші қыздың өзі бірінші болып қызына тиіскенін, төбелеске арандатқанын, сондықтан осындай жағдайдың орын алғанын түсіндірді. Сонымен қатар, қызына тәрбиелік жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 3-бөлігінде көзделген құқықбұзушылық жасағаны дәлелденді. Осы баптың 3-бөлігіне сәйкес, жаза ретінде 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Соттың қаулысымен Х. ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 78 640 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
 
                         

 
                