“Otbasy Fest” фестивалі: Алаңқайда арнайы отбасын қолдау орталықтары жұмыс істеуде
Бүгін Ақтауда “Отбасы – бақыттың бастауы” атты фестиваль өтті. Аталған іс-шарада 6 шатыр тігіліп, келушілерге түрлі қызметтер көрсетілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Алаңқайда «Отбасын қолдау орталықтары», «Балалар шығармашылығы», «Ұлттық ойындар», «Оңалту орталықтары», «Жәрмеңке», «Таза Қазақстан» атты 6 шатыр бар.
Отбасын қолдау алаңы шатырында Отбасы банк мамандары, «Өркениетті келешек» қоғамдық қорының өкілдері, Мұнайлы ауданының және Ақтау қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, сондай-ақ Мұнайлы аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия өкілдері, облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары мен мәслихат депутаттары кеңес берді. Тұрғындар көкейтесті мәселелері бойынша сауал жолдап, жауап алды.
Атап айтқанда, «Өркениетті келешек» қоғамдық корының өкілі, психолог Нұрсәуле Ақбаева мидың биоакустикалық коррекциясы, массаж, ЛФК/АФК, биоэнергомассаж, логопед және психолог мамандардың қызметі, логомассаж, электрофорез, парофин, дорсонваль, биоптрон, ыстық көрпе арқылы жылыту секілді қызметтер көрсетіп, толық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 15-ке жуық тұрғын сауалдарын жолдап, балалардың кеш сөйлеуі, диагностикадан өту, баланың дамуы туралы ақпарат алды.