Махаббаттан басталған ғұмыр

Otpannews.kz сайты маңғыстаулық отбасылармен сөйлесіп, олардың жанұяның берік болуы, татулықты сақтауға қатысты пікірлерін біліп көрді.
Бақытқали Қасымов пен Балкүміс Сенгированың отандасқандарына 40 жыл толды. Шаңырағы шаттыққа толы өнегелі отбасы 6 баланы тәрбиелеп өсірді.
Бақытқали Қасымов: «Отбасының беріктігі – әкенің жауапкершілігі мен адалдығында. Ер адам – шаңырақтың тірегі, ұрпаққа өнеге болатын жан. Бірлік бар жерде – береке бар. Әке болу – ұрпағыңның болашағына жол ашу», - дейді.
Отбасының бірлігі мен татулығының ұйытқысы болып отырған отанасы Балкүміс Сенгирова: «Әйелдің бақыты – отбасының амандығы мен балаларының қуанышында. Ананың жүрегі – мейірімнің қайнары. Жақсы жар болу, жақсы ұрпақ өсіру – ең үлкен парыз. Үйге жылулық сыйлап, татулықты сақтау – әйелдің қолында. Отбасын құрметтеп, әрбір күнді шүкіршілікпен өткізгенде ғана бақыт қонады» деп ойын бөлісті.
Сымбат Ізтілеуов пен Айнұр Жангирбаева 4 перзентті тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Бүгінде ұл-қыздары білім олимпиадаларында, спорттық жарыстарда үздік нәтижеге қол жеткізіп жүр.
Отбасылық өмірдің 13 жылын бірге өткізген шаңырақтың отағасы Сымбат Ізтілеуов: «Жанұяда әкенің рөлі өте маңызды. Балаларымның әр қатысқан жарысына, жеткен жетістігіне қуанамын әрі қолдаймын. Бала өсіп келе жатқан жас шыбық болса, оның болашақта алып бәйтерек болуы әке мен ананың берген тәрбиесінде», - дейді.
Жанұяның жылу сыйлаушысы Айнұр Жангирбаева: «Болашақта ұл-қыздарымның биіктерден көрінгенін, саналы азамат болғанын қалаймын. Отбасы құндылығы өз бойыңдағы бар мейірімді, бар жақсы қасиетті балаларыңның бойынан көру деп ойлаймын. Сондықтан ұл-қыздарымызға жақсы тәрбие, дұрыс бағыт беруге тырысамыз. Ал шаңырақтың шаттығы ғұмырлы болуы - ерлі-зайыптылардың арасындағы түсіністік пен сыйластыққа байланысты», - дейді.
Алдағы болашаққа сеніммен, үлкен армандарға бірге қадам басқан Нұрғиса Қуанышев пен Ақтілек Қаңбақбаева 3 жыл бұрын отау құрды. Жылы шырақ шашқан шаңырақ бүгінде 2 жасар Айла қыздарын тәрбиелеп отыр.
Жас отаудың иесі Нұрғиса Қуанышев: «Жанұяның берекесі – татулықта. Біз үшін әр күнді бірге күліп қарсы алу, қиындықта бір-бірімізге тірек болу – ең қымбат нәрсе. Жас болсақ та, үйдің іргесін сенім мен сыйластыққа құруға тырысамыз. Шағын отбасының өзі – үлкен әлем, ол әлемді сақтау – әрқайсымыздың парызымыз», - дейді.
Ақтілек Қаңбақбаева: «Шаңырақтың тыныштығын сақтау үшін әр отбасы мүшесі атсалысу керек. Біз үшін бақыт – бір-бірімізді түсініп, қолдау. Сонда ғана отбасы мықты, өмір мәнді болады» деп пікірін айтты.
