Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Теміржолмен өрілген өмір

Гүлмира Аманжолқызы
|
12.09.2025 17:22
Теміржолмен өрілген өмір

Теміржол – өмір жолы десек, қатар жатқан қос релсь Шүкірбек пен Гүлжазираның отбасылық ғұмыры тәрізді. Осындай жолды таңдап, отбасымен бір салада еңбек етіп, маңдай терімен елге адал қызмет етіп жүрген отбасылардың бірі – теміржол династиясы саналатын Онбаевтар отбасы. Осы бағытта тынымсыз еңбек етіп келе жатқан бұл отбасы бүгінде өзгелерге үлгі, елге мақтаныш. Otpannews.kz сайтының тілшісі Отбасы күніне орай әкенің жолын жалғастырған жанұямен сұхбаттасқан еді.


Теміржолшылар отбасы атанған Онбаевтардың шойын жолдың бойындағы еңбек дәстүрін әкелері Онбай Сағындықов бастады. Онбай Сағындықов 1940 жылы өмірге келді. 1967 жылы Боздақ бекетіне көшіп келіп, теміржол саласына жұмысқа тұрды. Сол уақыттан бастап 1993 жылға дейін теміржол бастығы қызметін атқарып, осы салаға бар ғұмырын арнаған екен. Анасы Талжібек Дәулетбаева 1973 жылдан бастап теміржол кезекшісі болып зейнет жасына шыққанша адал еңбек етті.


Әкесі Онбай мен анасы Талжібектің жолын жалғастырған Шүкірбек пен Гүлжазира – бір салада қатар еңбек етіп, өмірлік және кәсіби серікке айналған жандар. Екеуі де теміржол техникумын автоматика және телемеханика мамандығы бойынша бітіріп, жұмысқа жастай араласты.


Шүкірбек Сағындықов 1973 жылы Маңғыстау ауданы, Боздақ бекетінде дүниеге келді. 1990-1993 жылдары Ақтөбе қаласындағы теміржол техникумын автоматика және телемеханика мамандығы бойынша оқып бітірді. Кейін 2001-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы теміржол университетін тәмамдады. Еңбек жолын 1995 жылы қарапайым электромонтер болудан бастап, электромеханик, одан кейін аға электромеханик, ал қазір «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты Маңғыстау облысындағы ШЧ-10 мекемесінде телім бастығы қызметін атқарып жүр. Осы бір мекемеде ширек ғасырдан астам уақыт табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Шүкірбек Сағындықовтың кәсіби еңбек жолы – жас мамандарға үлгі.


Жолдасы Гүлжазира Мамбетниязова – Маңғыстау ауданы, Сайөтес ауылының тумасы. 1995-1997 жылдары Теміржол техникумын автоматика және телемеханика мамандығы бойынша бітіріп, 2000-2005 жылдар аралығында 10-разъезде теміржол кассасында билет кассирі болып жұмыс істеп, 2007 жылдан бүгінгі күнге дейін Боздақ бекетінде теміржол кезекшісі болып қызмет атқарып келеді. 


Ауылда тұратын бұл отбасының тірлігі теміржолмен біте қайнасып, құрыш білекпен болат жолдың бойында еңбек ететін жұп бүгінде ата дәстүрін бұзбай, атакәсіптің құлағынан ұстағандарын мақтан тұтады.


Жолдасым екеуміз 1998 жылы отау құрдық. Бір салада жұмыс істеу – бір-біріңді жақсы түсінуге, дем беруге үйретеді. Жаздың аптап ыстығында да, қыстың аязында да болат жолдың бойында жүріп, әрдайым бір-біріміздің жанымызда болуға тырыстық. Қиын күндерде иықтаса еңбек еттік. Кейде екеумізде күндіз-түні жұмыс істейміз. Бірақ біз үшін бұл қалыпты жағдай. Үйге келген соң жұмыста болған қызықтар мен қиындықтарды бірге талқылаймыз. Бір салада талмай еңбек етіп, теміржол саласында қызмет еткенімізді мақтан етеміз, - дейді Шүкірбек Сағындықов.


Әулеттің теміржолдағы еңбек жолы бір буынмен шектеліп қалмаған. Шүкірбектің інісі Қыдырбек те өмірін осы салаға арнаған жан. Ал апасы Гүлден Онбайқызы бүгінде осы салада электромеханик қызметін атқарып жүр. Отбасының үлкендері салған сара жолды бүгінде ұл-қыздары да жалғастырып келеді. Шүкірбектің ұлы Нұртас Алматы қаласындағы теміржол академиясын аяқтап, қазіргі уақытта әке жолын қуып, механик қызметін атқаруда. Сондай-ақ немере інісі Онбаев Бекжан да электромонтер болып теміржол саласында тер төгіп жүр.


Шүкірбек пен Гүлжазира үшін отбасының тұтастығы мен тәрбиелі ұрпақ өсіру – ең биік жетістік. Берекелі шаңырақ иелері 4 қыз, 1 ұлды тәрбиеледі. Бүгінде олардың әрқайсысы өмірден өз жолын тауып, түрлі салаларда еңбек етуде. 


Біздің өмірлік ұстанымымыз – отбасымызда әрқашан береке мен бірлік болуы. Адал еңбек етіп, балаларымызға дұрыс тәрбие беруді ең басты міндетіміз деп білеміз. Біз үшін ең үлкен бақыт – балаларымыздың амандығы мен өмірден өз жолдарын жаңылмай табуы. Ал ең үлкен жетістік – олардың да елге қызмет етіп, теміржол сияқты жауапты салада еңбек етіп жүргенін көру, – дейді Гүлжазира Есенбайқызы.


Сөз соңында Шүкірбек аға барша қазақстандықтарды Отбасы күні мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді.


Әр шаңырақ – бір мемлекет, әр отбасы – ұлттың ұйытқысы. Осы Отбасы күні мерекесі қарсаңында барша қазақстандық отбасыларға амандық, береке-бірлік, татулық пен өзара түсіністік тілейміз. Отан отбасынан басталатынын ұмытпай, ұрпағымызға өнеге боларлық ізгі жол қалдырайық, - дейді Шүкірбек Сағындықов.
225
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!