5000 теңгелік ескі банкноттар 13 күннен кейін айналымнан шығарылады

Қазақстан Ұлттық банкі 5000 теңге номиналындағы ескі банкноттардың айналымнан шығу мерзімін жариялады. Сонымен қатар, жалпы төрт түрлі банкнот айналымнан алынатыны хабарланды, деп жазады Otpannews.kz сайты Zakon.kz дерегіне сілтеме жасап.
Ұлттық банк мәліметінше, 5000 теңгелік банкноттардың ескі және жаңа үлгілерінің қатар айналымда жүру мерзімі 2025 жылғы 24 қыркүйекте аяқталмақ. Бұл мерзім ары қарай ұзартылмайды. Яғни 25 қыркүйектен бастап ескі үлгідегі банкноттар заңды төлем құралы болудан қалады.
Ұлттық банк өкілдері атап өткендей, бұл мерзім аяқталған соң барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелері ескі үлгідегі 5000 теңгелік банкноттарды 3 жыл бойы жаңа банкноттарға айырбастауға мүмкіндік беріп отыр. Ал Ұлттық банктің филиалдары бұл банкноттарды мерзімсіз айырбастай береді.
Сондай-ақ, қазіргі таңда айналымға жаңа үлгідегі 1000, 2000 және 10 000 теңгелік банкноттар енгізілген. Оларға қатысты қатар айналым кезеңінің аяқталу мерзімдері төмендегідей белгіленген:
- 2000 теңгелік банкноттар – 2026 жылғы 24 маусымға дейін,
- 10 000 теңгелік банкноттар – 2026 жылғы 27 маусымға дейін,
- 1000 теңгелік банкноттар – 2027 жылғы 27 наурызға дейін.
Қатар айналым - бұл жаңа және ескі банкноттардың бір мезгілде заңды төлем құралы ретінде қолданылуына рұқсат етілген кезең. Осы уақыт ішінде ескі банкноттармен еркін есеп айырысуға болады. Бірақ бекітілген мерзім аяқталғаннан кейін олар айналымнан біржола алынады.
