Олжас Бектенов «Заң мен Тәртіп» қағидатының ел аумағында толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды

Президенттің 2025 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру саласында бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Мемлекет басшысы құқық бұзушылық пен заңсыздыққа мүлдем төзбеушілікті ұстана отырып, қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрмыстық және көшедегі құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтіп, халықпен, әсіресе жастармен ақпараттық-тәрбие жұмыстарын жандандыруы қажет. Біз Президенттің «Заң мен Тәртіп» қағидатының ел аумағында толық орындалуын қамтамасыз етуіміз керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Жолдауда жол қауіпсіздігі мәселесі мен көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне ерекше мән беріліп отырғанын атады.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне тиісті жұмысты күшейту, сондай-ақ, жол ережесін қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ Олжас Бектенов электросамокаттарды және басқа да жеке мобильді қозғалыс құралдарын пайдалану мәселелерін реттейтін заңнамалық түзетулерді ілгерілету жұмысын барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет екеніне назар аудартты.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың интеллектуалды жүйесін құрау аясында Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, киберқауіптерді анықтаудың бірыңғай платформасын құру жөніндегі шараларды қабылдау тапсырылып отыр.
