«Қарызсыз қоғам»: Ақтауда азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі қаралды

Ақтауда Маңғыстау облыстық «Аманат» партиясының филиалында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне арналған басқосу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесінің өзектілігін атап өткені белгілі. Осыған орай Президент «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастыру қажеттігін атаған болатын.
Бұл жоба халықтың қаржылық мәдениетін көтеріп, табыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған. Жоба аясында былтырдың өзінде 845 мың адам қаржылық сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алған. Қазіргі таңда партия жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жобаны жан-жақты жүзеге асырып жатыр.
«Азаматтар борышты қайта құрылымдау мен банкроттық мәселелеріне қатысты заңнамалық көмекті онлайн түрде алып, тегін кеңес беретін call-орталықтардың қызметіне жүгіне алады. Сонымен қатар оқыту курстары барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Мамандар әрбір адамның несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін азайту жолдарын ұсынады. Қала мен аудан әкімдіктері құжат қабылдау орталықтарын ашып, жобамен айналысатын мамандарды компьютер, принтер, телефон және басқа да құралдармен қамтамасыз етіп отыр”, - деді жиын барысында МО «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Барлық қажетті ақпараттар мен курстарға тіркелу мүмкіндігі qogamfin.kz порталы арқылы қолжетімді. Жобаның мазмұны мен маңызын халыққа түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп келеді.
Атап айтқанда, баннерлер, LED-экрандардағы бейнероликтер, қалаішілік және ауданаралық қоғамдық көліктердегі хабарландырулар, әуежайдағы аудиожарнама, сондай-ақ екі тілде дайындалған брошюралар таратылып, Instagram, Facebook, Telegram әлеуметтік желілерінде жариялануда.
2025 жылға арналған жоспар бойынша облыс бойынша 12 778 адамды оқыту көзделген. Оның 70 пайызы, яғни 8 960 адам онлайн, ал 3 840 адам оффлайн форматта оқытылады деп жоспарланған.
«Бүгінгі күнге дейін кеңес алғандар саны 7 128 адамға жетіп, бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 55,7 пайызын құрап отыр. «Қарызсыз қоғам» жобасы — азаматтарға қаржыны тиімді басқаруға үйретіп, қарызға жол бермеуге бағытталған маңызды бастама болып табылады”, - деді филиал жетекшісі Нұрбек Қарасаев.
