Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда мектептегі тамақтану қауіпсіздігі мен санитарлық талаптар мәселесі талқыланды

Жанкелді Қаржан
|
13.09.2025 11:25
Маңғыстауда мектептегі тамақтану қауіпсіздігі мен санитарлық талаптар мәселесі талқыланды

Ақтауда мектептердегі санитарлық талаптардың сақталуы мен оқушылардың тамақтану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған семинар өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, іс-шараны облыстық білім басқармасы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған. 


Басқосуға 200-ден жуық білім беру ұйымдарының өкілдері, жауапты мамандар мен бракераждық комиссия мүшелері қатысты. Семинар барысында білім беру мекемелеріндегі тамақтану сапасын бақылау, санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуы және балалар денсаулығын қорғау бағытындағы тиімді тетіктер, сондай-ақ бракераждық комиссияларының жұмыстарын күшейту мәселесі талқыланды.  


Мамандар білім ошақтарындағы асханаларда қауіпсіздік стандарттарын сақтау, тағамның сапасын арттыру және тамақпен улану фактілерінің алдын алу бойынша ұсыныстарын ортаға салды.


«1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңартылған тамақтану стандарты күшіне енді. Медицина қызметкерлері бұл өзгерістердің сапалы жүзеге асуына тікелей қатысып отыр. Жаңа стандарт балалардың жас ерекшелігі мен физиологиялық қажеттіліктерін ескеріп жасалған. Мектеп медбикелері дайындалған тағамның сапасын тексеріп, аллергиясы бар оқушылардың дұрыс тамақтануын да бақылауда ұстайды. Медициналық қызметкерлер тағамның иісі мен дәмінен бастап, санитарлық талаптардың сақталуына дейін күнделікті бақылау жүргізіп отыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева. 


Жиында өңірлік білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Газимова мектеп асханаларындағы санитарлық талаптардың сақталуы мен оқушылардың қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз ету – білім саласындағы маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті.


"Мектеп оқушыларының денсаулығы мен қауіпсіздігі – біздің басым міндетіміз. Әсіресе, балалардың сапалы және қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте бракераждық комиссиялардың жауапкершілігі зор. Олар асханалардағы тағам сапасын, санитарлық талаптардың орындалуын, азық-түлік өнімдерінің жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын тұрақты бақылауда ұстайды. Сондай-ақ тағамдарды қабылдау мен тарату кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайды», - деді Құралай Газимова.


Семинар барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Баян Тұрғаналиева жаңа стандарттардың маңызын айтты.


«Енді мектеп асханаларында тұз, қант пен май мөлшері азайып, көкөніс пен жеміс көбейеді. Денсаулыққа зиянды тағамдар мәзірден алынып тасталды. Балаларға газдалған сусынның орнына сүт, айран, компот ұсынылады. Жаңа стандарт оқушылардың денсаулығын сақтау мен уланудың алдын алуға бағытталған. Алғаш рет «жеуге жарамсыздық индексі» енгізіліп, балалардың талғамына сай мәзір реттеледі», - деді Баян Тұрғаналиева.
36
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!