Өңірде IT саласына қызығушылық жоғары

Мемлекет басшысының Жолдауында жасанды интеллект пен цифрландыру салаларына айрықша назар аударылды. Президент білім беру жүйесін осы заманғы технологиялық үрдістерге бейімдеу қажет екенін атап өтіп, жасанды интеллектпен жұмыс істеу құзыреттерін мектеп қабырғасынан бастап қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Бүгінде әлемдік еңбек нарығында цифрлық дағдыларға, әсіресе жасанды интеллектті, деректерді талдау мен автоматтандыру құралдарын меңгеруге деген сұраныс артып келеді. Мұндай талаптарға жауап беру үшін оқушыларды ерте жастан-ақ IT-біліммен қаруландыру - елдің технологиялық дамуы мен адами капиталының сапасын арттыруда шешуші рөл атқарады. Мектептерде заманауи информатика курстарын енгізу, оқушылардың логикалық ойлау мен бағдарламалау қабілеттерін дамыту — келешекке жасалған инвестиция.
Осы бағытта Маңғыстау облысында нақты жұмыстар қолға алынуда. Өңірлік IT-хаб, колледждер және мектептердің серіктестігі арқылы жастарды жаңа технологияларды игеруге тарту жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Арнайы оқыту бағдарламалары, курстар мен хакатондар ұйымдастырылып, жасөспірімдердің цифрлық құзыреттерін дамытуға басымдық берілуде.
Сонымен қатар, өңірде ІТ саласына қызығушылық танытқан жастарды қолдауға арналған бастамалар да бар. Атап айтқанда, кодтау, робототехника, графикалық дизайн сияқты бағыттар бойынша үйірмелер мен оқу орталықтары ашылып, оқушылардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін ұштауға мүмкіндік жасалуда.
Мемлекеттік қолдау мен жергілікті бастамалардың үйлесімді түрде жүзеге асуы — Маңғыстау жастарының цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларды ертеңгі еңбек нарығының бәсекеге қабілетті мамандарына айналдыруға жол ашпақ.
Әйгерім Мәжтай
«Mangystau hub» өңірлік IT хаб басшысы
