Қызылөзен ауылында жаңа спорт кешені ашылады

Түпқараған ауданына қарасты Қызылөзен ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша нысан жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі, деп хабарлайды otpannews.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан әкімі Ержан Күмісқалиев Қызылөзен ауылына арнайы барып, спорт кешенінің құрылысымен танысты. Сапар барысында мердігер мекеме «АҚТАУ BS STROY» ЖШС өкілі Сәлімжан Минишов қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталды.
Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына мән беріп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін атап өтті.
Жаңа спорт кешені ауыл жасөспірімдерінің спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік береді. Кешен толық іске қосылған соң, футбол, волейбол, қазақша күрес және дзюдо, шахмат және т.б спорт түрлерімен тұрақты түрде айналыса алады.
