Елімізде жыл соңына дейін азық-түлік өндірушілеріне арналған тариф өспейді

Бүгін инфляцияны тежеу мәселелері жөніндегі кезекті жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлік тұрақтандыру қорларын жаңа өніммен толтыру бойынша келісім-шарт жасасу жұмыстарының және «Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндамаларды тыңдады, деп хабарлайды деп хабарлайды otpannews.kz.
ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың сөзінше, биыл жоспарланған коммуналдық тарифтер бағасын көтеру жұмыстары аяқталған, ал табиғи монополия субъектілерінен жаңа өтінімдер келіп түспеген.
Сол себепті, жыл соңына дейін халық пен жеңілдігі бар тариф саясаты қолданылатын ӘМАТ өндірушілері үшін тариф бағасы өспейді. Бұл ақылы қызметтердің қымбаттауының инфляцияға әсерін азайтуға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар өңірлерде жаңа өнімге келісімшарттар жасасу жұмысы жедел қарқынмен жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәліметінше, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат жеткізуге арналған келісімшарттар 2025-2026 жылдардың маусымында халықтың қажеттілігін 50 пайыз қамтып отыр.
Мәселен, Атырау, Алматы облыстары мен Астана қаласында пиязға деген сұраныс толығымен жабылған. Қарағанды, Түркістан, Абай, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында да жұмыс қарқынды. Бірақ Ақтөбе облысында көкөністің барлық түрі бойынша келісімшарттар жасасу деңгейі төмен болып отыр.
Бақылауды күшейту мақсатында Серік Жұманғарин өңірлерге барып, тұрақтандыру қорларындағы көлем мен қордың жеткілікті болуын тексеретін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.
