Еңбек пен өнерді тоғыстырған тігінші

Әрбір мамандықтың өзіне тән сан қыры бар. Бірі есеп пен ғылымды тереңдетсе, бірі өнер мен талғамды ұштайды. Ал солардың ішінде еңбек пен шығармашылықты тоғыстырған мамандық – тігіншілік. Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Осындай шебер жандардың бірі – ақтаулық Ұлбосын Қолғанатова, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ұлбосын Қолғанатова – жас та болса еңбегімен көпке үлгі болған ісмер жан. Қолына ине-жіп ұстағанына 6 жылдан асқанымен, тігіншілікті бала күнінен серік еткен. Кішкентай кезінен мата қиып, қолөнермен айналысуды жаны қалайтын ол бүгінде сүйікті ісін кәсібіне айналдырды. Бүгінде ол үш баланың анасы, негізгі мамандығы - ағылшын тілі мұғалімі.
Ата-анамның қолдауымен кішкентайымнан сурет, тоқыма, тігін үйірмелерінен қалмай, шығармашылыққа бейім болып өстім. Талапшыл болғанымның, ізденісімнің арқасында 19 жасымда тігіншілікті кәсіпке айналдырдым. Мектеп кезінде мәнерлеп оқудан бастап жас қаламгер атанып, би, шахмат, тоғызқұмалақ секілді түрлі бағытта өзімді сынадым. Кейін студент болып оқып жүрген кезімде үйлердің эскиздік жобаларын сызып көрдім, - дейді Ұлбосын.
Қолөнерді дамытуды қалайтын маман қолы қалт еткенде тігін машинасына отырады. Оның айтуынша, сұраныс көбіне балаларын сәнді киіндіргісі келетін аналардан және киімдерді жалға берумен айналысатын кәсіпкерлерден түседі. Ол еңбек етумен шектеліп қана қоймай, білгенін өзгелерге үйретіп те жүр. Соңғы екі жыл ішінде онлайн форматта 400-ге жуық адамға тігіншіліктің қыр-сырын меңгерткен.
Бес жылда жинаған тәжірибемді өзгелермен бөлісе бастағаным – ең үлкен жетістігім. Онлайн мастер-класс арқылы талай қыз-келіншек тігіншілікті үйреніп, өз ісін бастауға қадам жасады. Қазір олардың ішінде табыс тауып жүргендері бар, – дейді тігінші.
Негізінен балалар киімін тігуді ұнататын ол әрбір бұйымын жайлы әрі сапалы етіп дайындайды. Ұлттық ою-өрнектерді заманауи сәнмен үйлестіріп қолдану – оның басты ерекшелігі. Әр киім сәтті шыққан сайын шабыттанып, уақытқа қарамастан жаңа дүниелер тігуге құлшына кіріседі.
Тігіншілік – еңбек пен өнер тоғысқан мамандық. Арнайы оқуын бітіргенімен бұл істі сүйсінбей атқаратын тігіншіден гөрі, жүрек қалауымен айналысқан жанның еңбегі қашанда құндырақ, – дейді ол.
Бүгінде Ұлбосын өз парақшасында жариялаған әр туындысына ұлттық нақыш пен өзіндік қолтаңбасын енгізуге тырысады. Авторлық идеялардың қатарында қазақы нақыштағы заманауи жакеттер мен ерекше үлгідегі киімдер бар. Халықтың қызығушылығы артып, тіпті шеберлік сабақтарын сұрауы да – еңбегінің жемісі. Тігіншілікті тек кәсіп емес, өнер деп бағалайтын ісмердің мақсаты – өзінің ізін басқан жаңа шеберлердің қалыптасуына жол ашу. Осындай еңбекқор іскер жандар арқылы қазақтың қолөнері заман талабына сай дамып, жаңаша сипат алары сөзсіз.
