Ақтауда алғаш рет қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты өтеді

Ақтауда алғаш рет 14-18 қыркүйек күндері жастар мен жасөспірімдер арасында қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Жомарт Қобланов мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
annews.kz.Спикердің айтуынша, жарыстың басты мақсаты - жас спортшылардың шеберлігін арттыру, халықаралық деңгейде бақ сынап, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беру.
Чемпионатқа еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан бөлек, 15 мемлекеттен барлығы 700-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде, - деді Жомарт Қобланов.
Маңғыстау облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сұңғат Жұбатқан бәсекеде Маңғыстаудан 35 спортшы сынға түсетінін атап өтті.
Облыс бойынша қоян-қолтық ұрыспен 300-ге жуық спортшы шұғылданады. Оның ішінде 35 спортшы алдағы жарыста бақ сынайды. Бұған дейін өңірімізде қоян-қолтық ұрыстан ҚР чемпионаты өтіп, командалық есепте 1-орынды иеленген болатын. Әлем чемпионатында да сол нәтижені қайталаймыз деген сенімдеміз, - деді Сұңғат Жұбатқан.
Маңғыстау облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының жаттықтырушысы Абасгулу Дунямалиев спортшылардың дайындығына тоқталды.
Спортшыларымыз күнделікті жаттығуларын қарқынды өткізіп, техникалық және тактикалық дайындықтарына ерекше назар аударып жатыр. Әр спортшы өзінің салмақ дәрежесіне сәйкес жеке бағдарлама бойынша дайындалып, дене шынықтыру мен психологиялық төзімділігін де қатар жетілдіруде. Сонымен бірге, жаттықтырушылар құрамасы халықаралық тәжірибені ескеріп, қарсыластардың әдіс-тәсілдерін зерделеп, жеңіске жету жолдарын үйретіп жатыр, - деді Абасгулу Дунямалиев.
Айта кетейік, жарыс Ақтау қаласындағы «Халық арена» спорт кешенінде өтеді. Кіру тегін.
