Жолдау - жаңа мүмкіндік ашатын бағдаршам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында көтерілген мәселелер - ел болашағына алаңдаушылықтың, нақты әрекетке деген ұмтылыстың айғағы. Әсіресе Каспий теңізінің тартылуына байланысты айтылған өзекті мәселе барша қазақстандықтарды ойландыруы тиіс. Бұл — экология мен экономика ғана емес, келешек ұрпақтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Президенттің осы бағытта кешенді шешімдер қабылдауды тапсырғаны - өңірлердің, соның ішінде Маңғыстаудың болашағына деген зор жауапкершілік.
Сондай-ақ Бейнеу-Сексеуіл теміржолының салынатыны туралы мәлімдеме - Маңғыстау өңірі үшін үлкен серпіліс. Бұл жоба көлік-логистика әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жастарды өңірде тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымның дамуы - жастарға өз ауылында, өз аймағында өмір сүруіне, еңбек етуіне жол ашады. Бұл - өңірлік дамудың нақты көрінісі.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды тұс - жастарды қолдау мен олардың әлеуетін барынша ашу мәселесі. Президент жасанды интеллект, робототехника және цифрлық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап меңгерту керегін атап өтті. Бұл - болашақ мамандықтарға бүгіннен дайындалу деген сөз. Жастар ресурстық орталығы ретінде біз бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, ауыл-аймақтағы жастарды жаңа технологиялармен таныстыруға, IT-білім беруді кеңейтуге бар күшімізді саламыз. Жолдау - бізге нақты бағыт қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндік ашатын бағдаршам.
Гүлмира Бурхандинова
Маңғыстау облысының Жастар ресурстық орталығының басшысы
