Камиль Куруглиев әлем чемпионатында қола жүлде үшін күреседі

Маңғыстаулық балуан Камиль Куруглиев әлем чемпионатында жұбаныш белдесуінде жеңіске жетті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Еркін күрестен 92 келіде сынға түсіп жатқан жерлесіміз жұбаныш белдесуінде Италия спортшы Бенжамин Хонисті 4:3 есебімен қапы қалдырды. Енді ол әлем чемпионатының қола медальі үшін Иран құрамасының балуаны Амирхосейн Фирузпурбандпеимен кездесіп, үздіктер қатарына қосылу үшін барын салмақ.
Камиль Куруглиев іріктеу кезеңдерінде Қытай балуанын 10:0 есебімен жеңсе, 1/8 финалда Израиль өкілін 8:0 есебімен қапы қалдырды. Ал Ол ширек финалда UWW құрамасының балуаны Аманула Гаджимагомедовке 9:0 есебімен жол беріп, кейін қарсыласының финалға шығуынан кейін жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған болатын.
Бұған дейін әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары 61 және 70 келіде қола медальға қол жеткізді. Олардың бірі Асылжан Есенгелді болса, Нұрқожа Қайпанов әлем біріншілігінде үшінші мәрте жүлдегер атанып отыр.
