Mangystau Hub-та үздік стартаптар анықталды

Mangystau Hub-та Маңғыстау облысының Цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен Pizza Pitch іс-шарасы өтті. Шарада жас кәсіпкерлер мен стартапшылар өз жобаларын таныстырып, үздік деп танылғандары марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Байқауда білім беру, қауіпсіздік, туризм, ауыл шаруашылығы және робототехника салаларын қамтитын 7 стартап-жоба таныстырылды. Олардың ішінде жеңімпаз атанғандар:
1 орын — Unichance AI. Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект негізіндегі қосымша. Талапкерлерге ЖОО-ға түсу мүмкіндігін болжауға көмектеседі. ҰБТ нәтижелері, GPA, жобалар мен эсселерді ескере отырып, нақты пайыздық болжам мен ұсыныстар ұсынады. Жоба 217 мыңнан астам түлектің саналы таңдау жасауына мүмкіндік береді.
2 орын — Tobeless AI. Жасанды интеллектке негізделген қауіпсіздік жүйесі. Видеопотокты талдап, төбелестерді, қаруды, адам көп жиналған жерлерді және қауіпті дыбыстарды анықтап, Telegram арқылы ескертеді. Система жоғары дәлдікпен ерекшеленеді және ыңғайлы веб-интерфейспен жабдықталған.
3 орын — Apex Tourism. Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени туризмін дамытуға арналған веб-қосымша. Онда интерактивті карта, бағыттар, көптілділік және толық ақпарат ұсынылады. Жоба аймақтың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға Mangystau Hub арнайы сыйлықтар табыстады. Олардың ішінде Яндекс станциялары мен Panasonic құлаққаптары бар.
