Түпқарағанда «Балықшылар» музейі ашыла ма?

Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиевтің төрағалығымен ауданда «Балықшылар» музейін ашу жөнінде жиын өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шараға Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльмира Абланова және облыстық тарихи-мәдени қорықтың бөлім меңгерушісі Рысгүл Күзембаева арнайы қатысты.
Жиын барысында ауданның ардагерлері мен сала мамандары алдағы жылы, яғни 2026 жылы Түпқараған ауданында ашылатын «Балықшылар» музейіне қатысты ұсыныстарын ортаға салып, жоспарлар талқыланды.
Аудан әкімі Ержан Күмісқалиев бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, балықшылар өңірінің тарихи жолы мен мәдени мұрасын дәріптеу – ұрпақ алдындағы борыш екенін атап өтті.
Өңір тарихындағы ерекше бастама саналатын бұл жоба Маңғыстау аймағының балық шаруашылығымен байланысты бай мұрасын сақтауға және оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Айта кететін жайт, Маңғыстау облысында Каспий теңізінде кәсіпшілік балық аулауға бекітілген 33 учаскенің 22-сі Түпқараған ауданында орналасқан. Балық аулаумен маусымдық негізде 609 адам айналысса, олардың ішінде 105 адам тұрақты түрде салалық бағытқа ден қойған. Сонымен бірге, теңіз жағалауындағы Түпқараған ауданында 432 кәсіби балықшы бары белгілі болып отыр.
Сондай-ақ, аймақта 2024-2025 жылдарға арналған балық аулау лимиті облыс әкімінің ұсынысымен 36 268 тоннаға дейін ұлғайтылған жайы бар. Бұл көрсеткіш 69,3 пайызға көбейіп, балықшылар үшін тиімді шешім ретінде бағаланды. Оның ішінде шабақ аулау лимиті 33172 тоннаға өскен.
