Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтауда мұнай-газ операторлары мен отандық зауыттар бас қосты

Ақтауда мұнай-газ операторлары мен отандық зауыттар бас қосты

Ақтауда мұнай-газ машина жасау форумы және ірі операторлардың ашық есік күні өтті. Ауқымды іс-шараны ҚР Энергетика министрлігі мен Парламент Мәжілісі бірлесіп ұйымдастырды. Форумға «Теңізшевройл» (ТШО), «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC), «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) және «Kalamkas-Khazar Operating» сынды ірі мұнай-газ операторлары қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Форум барысында жергілікті қамтуды дамыту, отандық мұнай-газ жабдықтары өндірушілері мен қызмет жеткізушілерін қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушыларға оператор компаниялардың сатып алатын тауарлары, олардың сапасына қойылатын талаптар мен тендерлік рәсімдер туралы жан-жақты ақпарат берілді.


Іс-шараға 100-ден астам отандық зауыт пен жеткізуші, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, салалық қауымдастықтар мен даму институттарының өкілдері қатысты. Форумда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, сондай-ақ ТШО, КПО, NCOC және басқа да компаниялардың бірінші басшылары сөз сөйледі.


Форумда сөз алған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің негізгі тірек аймақтарының бірі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының өнеркәсіп әлеуетін күшейту, жергілікті қамтуды арттыру және өңдеуші секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларына тоқталды. 


Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану маңызды. Осы бағытта жергілікті кәсіпорындарға жаңа мүмкіндіктер ашу үшін сатып алу рәсімдерін оңтайландыру, оффтейк-келісімдер мен сертификаттауға қолдау көрсету арқылы отандық өнімге кепілдендірілген сұраныс қалыптастыру қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Салтанатты жағдайда қазақстандық өндірушілер мен ірі операторлар арасында жалпы сомасы 244 миллиард теңгені құрайтын шамамен 40 келісімшартқа қол қойылды. Бұған қоса, отандық тауар өндірушілермен өзара ынтымақтастық жөнінде 19 меморандум жасалды. Бұл құжаттар өндірістік және сервистік мүмкіндіктерді дамытуға, сондай-ақ қазақстандық жеткізушілердің жеткізу тізбегіне белсенді қатысуына бағытталған.


Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов форумды ашу кезінде Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бері жаһандық мұнай нарығындағы жетекші елдердің біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, шетелдік алпауыт компаниялармен бірлесіп іске асырылған ірі жобалардың арқасында елімізде мыңдаған жоғары білікті маман дайындалып, ең озық технологиялар игерілді. Бүгінде Қазақстан мұнай мен газды өндірумен қатар, оны өңдеуге де басымдық беріп отыр.


Ерлан Қошанов ел алдында тұрған маңызды стратегиялық міндеттердің бірі – Қазақстанды сапалы тауар өндіруші әрі экспорттаушы елге айналдыру екенін айтты. Саладағы жалпы ахуалға тоқталған Мәжіліс спикері былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тек энергетика секторында жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы қызмет пен тауар сатып алу көлемі 6 триллион теңгеден асқанын жеткізді. Оның 62 пайызы үш ірі компанияға – Теңізшевройл, KPO және NCOC үшеуіне тиесілі. Сөйтіп, отандық үлестің көлемі арта бастады. Бұл – Парламент пен Үкіметтің бірлескен жұмысының нәтижесі.


Осы бағытта Энергетика министрлігі мен Мәжіліс депутаттары екі жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2 жылда үш ірі компаниямен арада шамамен 900 миллион доллардың келісімшарты жасалды. Жүйелі нәтиже бар – тендерлік рәсімдерге ішінара өзгерістер енгізілді, ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға басымдық берілді. Дегенмен, бұл жерде әлі де үлкен перспективалар бар, яғни бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыру керек, – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.


Сонымен қатар, Мәжіліс төрағасы отандық өндірушілерге қолдау көрсету үшін нақты ұсыныстарын жеткізді. Олар: сатып алу рәсімдерін жеңілдету, офтейк-келісімшарттарды кеңейту, отандық кәсіпорындарды күрделі жабдықтар шығаруға ынталандыру және ірі мұнай компанияларының отандық тауарлар мен қызметтерге көшуі. Қарашығанақ жобасының тәжірибесі бұл бағытта үлгі бола алатыны айтылды.


Форум аясында қабылданған заңнамалық өзгерістер де сөз болды. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, ірі жер қойнауын пайдаланушылар енді отандық мамандарға басымдық беруге міндетті. Сонымен бірге күрделі жобаларда қазақстандық үлестің ең төменгі шегі нақты бекітіліп, отандық өндірушілердің бірыңғай реестрі заң жүзінде бекітілді.


Іс-шара аясында қазақстандық өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, 45 компания өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында металл құрылымдар, құбырлар, сорғылар, мұнай-химия және химиялық жабдықтар бар. Форумнан кейін депутаттар Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына және «ҚазАзот» кәсіпорнына барып, өңірдегі өндіріс нысандарының жұмысымен танысты. Бұған дейін халық қалаулылары Жаңаөзендегі «Каскор-Машзавод» зауытының құрылысын және Жетібай ауылындағы су тазарту станциясын аралаған болатын.


Энергетика министрлігінің дерегінше, форум аясында жалпы сомасы 440 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімшарттар жасалады деп жоспарланған. Мәжіліс төрағасы саладағы нақты өсімді де атап өтті. Мәселен, былтыр тек энергетика секторында жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы сатып алулары 6 триллион теңгеден асып, оның 62 пайызы ТШО, КПО және NCOC компанияларына тиесілі болған. Бұл көрсеткіштер отандық үлестің артып келе жатқанын көрсетеді.

42
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!