Маңғыстауда неке қиюға мәжбүрлеу фактісі тіркелді

2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейту шаралары аясында қабылданған жаңа заң жобасы бойынша алғашқы фактілер тіркелді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Неке қиюға мәжбүрлеу фактілері бойынша алғашқы қылмыстық істер Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Айта кетерлігі, екі жағдайда жәбірленушілер кәмелетке толмағандар болған. Бұл фактілер бойынша тергеу жалғасуда және прокуратура органдарының бақылауында тұр.
Егер әйел адам ұрланып, күш қолдану қаупімен немесе мүлкін жою не бүлдіру қатерімен неке қиюға мәжбүрленсе, кінәлі адамға 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Бұдан бөлек жаңа заң қолданықса енгізілгеннен бастап (16.09.2025ж. бастап) елімізде сталкинг фактілері бойынша да 2 қылмыстық іс тіркелді. (Атырау және Павлодар облыстарында)
Сталкинг – зорлық-зомбылықпен байланысты емес адамның заңсыз қудалануы ретінде айқындалған. Мұндай әрекетте зорлық белгілері болмағандықтан сталкинг қылмыстық теріс қылықтар санатына жатқызылды.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту, соның ішінде жеке өмірге қол сұғатын, бірақ күш қолданусыз жасалатын құқыққа қарсы әрекеттердің аса ауыр қылмыстарға ұласуын болдырмау мақсатында Қылмыстық кодекске сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді (ҚК-тің жаңа 115-1-бабы). Бұл баптың мақсаты - физикалық күш қолдануға немесе ашық қауіп-қатерге бармаған қудалаушылардан ықтималы жоғары құрбандарды қорғау.
Айта кету керек, сталкинг жасаған адамдарға 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген.
