Баутинодағы амбулаторияның жөндеу жұмыстары тексерілді

Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Өсер Тілепов Баутинo ауылдық амбулаториясына барып, жөндеу жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Баутинo ауылдық амбулаториясы – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін маңызды нысан. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрбол Асхатұлының айтуынша, қазіргі таңда амбулаторияда бірнеше бағыт бойынша жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Барлық есіктер ауыстырылып, ішкі қабырғалар толықтай жаңартылады. Санитарлық-техникалық жүйе жаңартылып, электр желісі қайта тартылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта ғимараттың қасбеті (фасады) жаңарып, терезелер де түгелдей ауыстырылады. Бұл жұмыстар мекеменің ішкі және сыртқы келбетін айтарлықтай жақсартып, қызмет сапасын арттырады, – деді бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрбол Асхатұлы.
Аудан әкімінің орынбасары Өсер Тілепов нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына, мерзімдік орындалуына және қауіпсіздік талаптарының сақталуына назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне нақты тапсырма берді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық жерлерде қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондықтан әрбір ауылдағы әлеуметтік нысандар заман талабына сай болуы тиіс. Бұл – тұрғындардың денсаулығын қорғауға, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды іс, – деді аудан әкімінің орынбасары Өсер Тілепов.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Баутинo амбулаториясы жаңаша кейіпке еніп, ауыл тұрғындарына барынша қолайлы әрі заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі артады деп күтіледі.
Айта кетейік, соңғы жылдары ауданда бірқатар денсаулық сақтау нысаны жаңартылып, медициналық инфрақұрылым кезең-кезеңімен жақсарып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
