Ұстаздың өмірі – ұлы мектеп

Маңғыстау өңіріндегі қазақ филологиясы ғылымының қалыптасу жолы, сөз өнерін зерттеу мәдениетінің биіктеуі мен білім беру сапасының артуы туралы сөз қозғалғанда, ұстаздық болмысымен де, ғылыми ізденісімен де аймақ руханиятына үлес қосқан Шарапат Сәбитқызы Әбішева есімі ерекше аталады. Бұл есім тек университет аудиторияларында ғана емес, қоғамда да, шәкірттерінің жүректерінде де өнегелі ұстаздың үздік үлгісіне айналған.
Шарапат Сәбитқызы 1965 жылы 10 қазанда Маңғыстау облысы, Таушық ауылында дүниеге келген. Зиялы жандар ата-анасының тәрбиесі мен өзінің бала кезден оқу-білімге құлшынысы өн бойына еңбекқорлық пен жауапкершілікті ерте дарытқан. Ғылымға деген талпыныс оны жас кезінен-ақ үлкен мақсаттарға жетеледі. 1982 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетіне түсіп, 1987 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» біліктілігі бойынша жоғары білім алды. Сол кезден бастап қазақ сөз өнерінің қыр-сырына бойлау – оның өмірлік миссиясына айналды.
Еңбек жолын Ақтау қаласындағы №11 мамандандырылған физика-математика мектебінде мұғалім болып бастаған ол жас буынды әдебиет пен тілдің тереңіне жетелеуді өзінің ең басты борышы санады. 1999 жылдан бері Есенов университетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасында қызмет етіп келеді. Осы аралықта оқытушыдан аға оқытушыға, бүгінде филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор дәрежесіне дейін өскен. Университет қабырғасында ширек ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп, оқу-тәрбие процесінің барлық баспалдағынан өтті.
Білім саласындағы жалпы еңбек өтілі – 37 жыл. Бұл жылдардың әр парағы шәкірт тәрбиелеумен, ғылыммен айналысумен, ұстаздық ізденіспен өрілген. Шарапат Сәбитқызының дәріс оқитын пәндері – «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет», «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Фольклортану», «Қазақ фольклорының тарихы» – қазақ сөз өнерінің рухани негіздерін қамтитын ерекше мазмұнды бағыттар. Оның әр сабағы тек білім ғана емес, мәдениет, мінез, жауапкершілік сабағы. Студенттерін шығармашылық ойлауға, өз ұлтының рухани кодын түсінуге баулиды.
Ғылым жолында да ұстазым ерекше табандылық танытты. 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор Зинол-Ғабден Бисенғалидің жетекшілігімен «Жүсіпбек Аймауытов прозасында диалогті қолдану шеберлігі» атты кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Бұл еңбек қазақ прозасындағы тілдік және психологиялық құрылымдардың көркемдік табиғатын жаңаша пайымдаумен ерекшеленді.
Шарапат Әбішева – тек ғалым ғана емес, ғылыми мектеп қалыптастырушы ұстаз. Оның жетекшілігімен талай студент, магистрант, жас зерттеушілер әдебиеттану мен фольклортанудың жаңа бағыттарына бет бұрды. Мен де сол көп шәкірттерінің бірі болғанымды – өзіме зор абырой, рухани мектептен өтуім деп санаймын. Оның әр пікірінде терең талдау, әр бағасында әділдік бар. Сабақ үстінде айтқан бір ғана мысалы немесе әдеби дәйексөзі тыңдаушыны ойға жетелейді.
Шарапат Сәбитқызы – ғылыми және әдістемелік еңбектердің де авторы. Ол – төрт монографияның, үш электронды оқулықтың, тоғыз оқу-әдістемелік құралдың авторы. Олардың ішінде ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі ұсынған «Кәсіби қазақ тілі» (2013) мен «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» (2016) оқу құралдары ерекше бағаланады. Ғалымның алпысқа жуық ғылыми мақаласы отандық және шетелдік басылымдарда жарық көрді.
Бүгінде профессор Ш. Әбішева ғылыми ізденісін жаңа деңгейде жалғастыруда. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүзеге асып жатқан BR24993043 «Қытай және өзге де Шығыс елдері дереккөздеріндегі көне түркі топонимдері – қазіргі түркі интеграциясының түп негіздерінің бірі: тарихи-этимологиялық, лингвистикалық көрінісі» атты бағдарламалық-нысаналы жобаның ғылыми қызметкері ретінде жұмыс істеуде. Бұл – түркі өркениетінің тарихи тамырларын зерттеудегі маңызды бағыттардың бірі.
Ғалымның еңбегі – мемлекет пен қоғам тарапынан да жоғары бағаланған. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Yessenov University-45 жыл» және «Әбіш Кекілбайұлының туғанына 85 жыл» мерекелік төсбелгілерімен, университеттің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2025 жылғы 8 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен Шарапат Сәбитқызына «60200 – Тіл және әдебиет» бағыты бойынша Қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы берілді. Бұл – еңбектің еленуі, ұстаздық пен ғылымдағы табандылықтың мойындалуы.
Ұстазымның өміріндегі ең әсерлі және адамдық тұрғыдан ең ұлы ісі – жазушы, зерттеуші, ауыл шаруашылығының ардагері Сәбит Әбішевтің мұраларын жинақтап, жарыққа шығару арқылы перзенттік парызын өтеуі. Бұл қызметі – ұрпақ сабақтастығының, ата-ана алдындағы құрметтің көрінісі.
Әріптестері мен шәкірттері Шарапат Сәбитқызын өз саласының көшбасшысы, парасатты ұстаз, мінезі мен сөзі үйлескен зиялы тұлға деп бағалайды. Біз, шәкірттері, апайымыздың еңбек жолына қарап, ұстаздықтың қандай қасиетті жол екенін түсінеміз.
Шарапат Сәбитқызының өмірі – еңбекқорлықтың, білім мен мәдениеттің, ұстаздық пен парасаттың тұтас мектебі. Оның әр жетістігі – жеке жеңісі емес, университетіміздің, Маңғыстау өңірінің, қазақ руханиятының ортақ олжасы. Ал біз үшін ұстазымыздың биік тұлғасы – ізденіс пен табандылықтың үлгісі.
Бүгін мерейлі жасқа толған ұстазымызға алдағы уақытта да зор денсаулық, отбасылық береке және шығармашылық табыс тілей отырып, еңбегінің шуағы шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталатынын айтқым келеді.
Бақтыбай ЖАЙЛАУОВ,
Yessenov University аға оқытушы, PhD докторант.
