Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстаудағы балық шаруашылығы қай деңгейде?

|
22.07.2025 15:34
Маңғыстаудағы балық шаруашылығы қай деңгейде?

Каспий теңізінің жағалауын алып жатқан Маңғыстау облысында мұнай-газ кешенінен бөлек балық шаруашылығы жолға қойылған. Теңізден балық аулап, нәпақасын тауып жүрген балықшылар қауымының тыныс-тіршілігін көпшілік біле бермейді. Осы орайда otpannews.kz тілшісі осы салалық бағыттың дамуы туралы шолуды назарларыңызға ұсынады. 

 

Жақында Түпқараған ауданында балық шаруашылығы саласының өкілдері облыс әкімімен кездескен болатын. Каспийде кәсіпшілік балық аулаумен айналысатын жергілікті тұрғындардың мәселелері талқыланып, балықшылар «Жануарлар дүниесін пайдалану рұқсатын» алу және түнгі уақытта теңізге шығуға рұқсат беру мәселесін көтерген еді.

 

Қазіргі таңда қолданыстағы заң бойынша арнайы жабдықталмаған шағын көлемді кемелердің түнгі уақытта теңізге шығуына тыйым салынған. Балықшылар болса, аталған шектеудің өз кәсіптеріне кері әсерін тигізіп отырғанын атап, мәселені қарауды ұсынды.

 

Айта кететін жайт, Маңғыстау облысында Каспий теңізінде кәсіпшілік балық аулауға бекітілген 33 учаскенің 22-сі Түпқараған ауданында орналасқан. Балық аулаумен маусымдық негізде 609 адам айналысса, олардың ішінде 105 адам тұрақты түрде салалық бағытқа ден қойған. Сонымен бірге, теңіз жағалауындағы Түпқараған ауданында 432 кәсіби балықшы бары белгілі болып отыр.

 

Сондай-ақ, аймақта 2024-2025 жылдарға арналған балық аулау лимиті облыс әкімінің ұсынысымен 36 268 тоннаға дейін ұлғайтылған жайы бар. Бұл көрсеткіш 69,3 пайызға көбейіп, балықшылар үшін тиімді шешім ретінде бағаланды. Оның ішінде шабақ аулау лимиті 33172 тоннаға өсті. 

 

Маңғыстау облысындағы балық шаруашылығының өзге де аудандар бойынша жай-күйін, жалпы саладағы балықшыларға қатысты ақпараттарды сұрамақ болып жауапты басқармаға хабарласқан болатынбыз. Алайда облыстық балық шаруашылығы басқармасына жауапты адамдарының қолы бос емес екені айқын байқалды. Олай дейтініміз басқарманы үш жылдан бері басқарып отырған Арман Мулдашев мырза Астанадан келген шенділермен жүргенін айтып, кейін тиісті сұрақтарымызға жауап беруге әзір екенін атаған болатын. Бірақ басқарма басшысы кейін бұл өтінішімізді аяқсыз қалдырып, арада он күн уақыт өтсе де жауап беруге құлық танытпады.

 

Ал «Қазақ балық» республикалық балық шаруашылығы және аква мәдениет қауымдастығы облыстық филиалының директоры Данияр Әкімжанов қазіргі уақытта салалық шаруашылықты дамытуда ілгерілеушілік барын атады. Оның сөзінше, өткен жылдармен салыстырғанда өңірдегі балық шаруашылығы даму қарқыны оң нәтижеге бет бұрған.

 

«Қазіргі таңда балық аулаумен қоса өсіру, терең өңдеумен айналысқысы келетін кәсіпкерлер саны артып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаулар да аз емес. Мәселен 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие, 400 АЕК қайтарымсыз грант иегерлерінің арасында балық өнімдерін қайта өңдеумен айналысқысы келетіндер бар. 2021-2030 жылға қабылданған үкімет бағдарламасында Қазақстан аумағында 270 мың тоннаға дейін тауарлы балық өсіруді бекітті. Соның ішінде 100 мың тоннасын өсіру Маңғыстау облысына тиесілі», - деді ол.

 

Бүгінде Маңғыстау облысында "Natali Company", "Caspian Rivera" секілді балық өсіруші компаниялар бар.

 

«Осы жылдан бастап "Organic Fish", "Red Pearl" сияқты балық өсірумен айналысатын ауқымды жобаларымыз іске қосылады деп күтіліп отыр. Бізде бекіре тұқымдас балықтар, форель, карп тұқымдас балықтар, Каспий албырты және африкалық жайын балықтары өсірілуде. Болашақта балық қорын молайту мақсатында теңізге жіберу жұмыстары жүргізіледі», - деді Данияр Әкімжанов.
135
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!