Otpan News Logo

Түпқараған ауданының Құрметті азаматы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

|
13.11.2026 14:04
Түпқараған ауданының Құрметті азаматы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

OTPANNEWS.KZ. - Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданы тұрғындарымен кездесуінде ауданның Құрметті азаматы Таурхан Қанжановқа Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.


Таурхан Қанжанов 1943 жылы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін теңіз кәсібіне арнап, еңбек жолын небәрі 14 жасында бастаған. Алғашында Балық аулау жөніндегі мемлекеттік базаға механиктің шәкірті болып жұмысқа орналасып, кейін Атырау қаласында екі жылдық механиктер даярлау курсын тәмамдаған.


Еңбек жолын механика саласынан бастаған Таурхан Қанжанов бір мекемеде 56 жыл бойы табанды еңбек етті. 1991 жылы Баутин кеме жөндеу зауытының механикалық цехында шебер қызметін атқарды. Кейін «Маңғышлақ балық тоңазыту флоты» басқармасы таратылғанға дейін осы саладағы қызметін жалғастырды.


Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де сүйікті кәсібінен қол үзбеген еңбек ардагері тәжірибелі маман ретінде қайта шақырылып, 2006 жылы облыста құрылған «Маңғыстау балық аулау компаниясы» құрамында еңбек етті. Бірнеше жыл бойы балық аулау кәсібін жалғастырып, мол тәжірибесімен кейінгі буынға үлгі бола білді.


Ұзақ жылғы адал еңбегі елеусіз қалған жоқ. Таурхан Қанжанов еңбек жолында «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Маңғыстауға 35 жыл» төсбелгілерімен, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатымен және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.


Бірнеше жыл бойы есімі облыстық Еңбек ардагерлері галереясына енгізіліп, өңірдің еңбек шежіресінен лайықты орын алды. Сонымен қатар, Таурхан Қанжанов Түпқараған ауданы бойынша «2000 жылдың үлгілі отбасы» номинациясының иегері атанып, ауданның Құрметті азаматы атанған.

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!