Otpan News Logo

Мектеп мәзіріндегі ұлттық дәм: Жаңаөзен оқушылары шұбат ішеді

|
13.11.2026 10:18
Мектеп мәзіріндегі ұлттық дәм: Жаңаөзен оқушылары шұбат ішеді

OTPANNEWS.KZ. - Жаңаөзен қаласындағы №24 мектеп-лицейінде оқушылардың тамақтану мәзіріне ұлттық сусын – шұбат қосылды. Бұл бастама балалардың дұрыс тамақтануын қолдау және ұлттық тағамдарды кеңінен насихаттау мақсатында пилоттық жоба аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Жоба Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың тапсырмасымен жүзеге асуда. №24 мектеп директоры Бақтыгүл Қаршығаеваның айтуынша, жобаға қатысу туралы шешім қабылдамас бұрын білім беру ұйымдарының басшылары тамыз айында Жаңаөзен қаласындағы сүт өндіретін кәсіпорынға барып, өнімнің дайындалу барысымен танысқан. Өндіріс технологиясын көріп, өнімнің сапасына көз жеткізгеннен кейін шұбатты мектеп ас мәзіріне қосу жөнінде шешім қабылданған.


Биыл қараша айынан бастап мектеп мәзіріне шұбат қосылды. Ұлттық сусын екі аптада бір рет, айына екі мәрте 200 грамдық арнайы құтыда беріледі. Ол ыстық тамақпен қамтылатын бастауыш сынып оқушыларына және 5–11-сыныптардағы әлеуметтік санаттағы балаларға арналған.


Мектеп директоры Бақтыгүл Қаршығаева бұл бастаманың балалардың тамақтану мәдениетін қалыптастыруда маңызы зор екенін айтады.

-Менің ойымша, бұл – өте жақсы бастама. Қазіргі балалардың, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының тамақтану ерекшелігіне назар аударуымыз керек. Олар фастфуд өнімдеріне қатты қызығады. Ал шұбат – табиғи өнім, халқымыздың ұлттық сусыны. Біз сүт зауытына арнайы барып, оның қалай өндірілетінін, қандай өңдеуден өтетінін өз көзімізбен көрдік. Өндіріс орнында арнайы мамандар мен технологтар жұмыс істейді. Сондықтан өнімнің сапасына көз жеткізгеннен кейін ғана оны балалардың ас мәзіріне енгізуге келісім бердік. Өз басым бұл бастаманы толық қолдаймын. Балаларымыз ұлттық сусынның пайдасын көріп, денсаулықтары нығая берсін, - деді мектеп директоры.

Шұбатты ас мәзіріне енгізу мектеп асханаларын жалға алған жеке кәсіпкерлер мен сүт өндіруші кәсіпорын арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылады. Өнімнің құны оқушылардың ыстық тамағына қарастырылған қаражат есебінен төленеді.


Мектеп басшылығы пилоттық жобаның алғашқы нәтижелерін бақылап, оқушылардың жаңа өнімді қабылдауына назар аударып отыр. Алдағы уақытта бастаманың ауқымын кеңейту мүмкіндігі де қарастырылмақ.

36
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!