Ақтауда этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылым өкілдерінің мемлекеттік органдармен кеңесі өтті
OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласында этномәдени бірлестіктер, медиаторлар, қоғамдық құрылымдар мен құзырлы мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен кеңес беру отырысы өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жиынның мақсаты – қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту, этносаралық түсіністікті дамыту және этномәдени бірлестіктер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыру. Кездесуге этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, қоғамдық медиаторлар, ақсақалдар кеңесі мен аналар алқасының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Жиында этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру, киберқылмыстың алдын алу және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды. Жиынға модераторлық еткен облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, медиатор Оңайбек Әбділов қоғамдық келісімді сақтауда өзара түсіністік пен медиация институтының маңыздылығына тоқталды.
Кеңес беру барысында полиция департаментінің өкілдері көші-қон заңнамасының талаптары, шетел азаматтарының ел аумағында болу тәртібі және интернет алаяқтықтан қорғану жолдары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының маманы тұрғын үй жинақ жүйесі мен баспана алуға арналған қаржылық мүмкіндіктерді түсіндірді.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құзырлы орган өкілдерінен жауап алды. Кездесу мемлекеттік органдар мен қоғамдық құрылымдар арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталды.