Мұнайға тәуелділікті азайту: Маңғыстауда мұнайдан өзге өндіріс салалары қалай дамып жатыр?
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысы – мұнай-газ өнеркәсібі дамыған, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар өңірлердің бірі. Мұнай-газ секторы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, өнеркәсіптік әлеуетінің артуына және бюджет кірісінің қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді. Дегенмен өңір экономикасының бұл салаға тәуелділігі әлі де жоғары. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім құрылымындағы тау-кен өнеркәсібінің үлесі 31,8%-ды құрады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы өңірде 17 млн тонна мұнай өндірілген. Бұл республика бойынша жалпы мұнай өндіру көлемінің 18%-ына тең. Сонымен қатар 2,5 млрд текше метр газ өндіріліп, елдегі жалпы газ өндіру көлемінің 3,7%-ын құрады.
Мұнай-газ саласының еңбек нарығындағы үлесі де айтарлықтай. 2026 жылдың екінші тоқсанындағы ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, өңірде жұмыспен қамтылған халық саны 380,3 мың адамды құрайды. Оның 43,2 мыңы немесе 12%-ы тау-кен өнеркәсібінде еңбек етеді.
«Сонымен қатар шикізат секторына тәуелділік тұрақтылықтың кепілі бола алмайды. Сондықтан экономиканы әртараптандыруды дамудың басты бағыттарының бірі ретінде айқындадық. Негізгі өсім нүктелері ретінде өңдеу өнеркәсібіне, туризмге, балық шаруашылығына және логистикаға басымдық беріліп отыр. Басты мақсатымыз – облыстың экономикалық моделін біртіндеп өзгертіп, мұнай-газ саласына ғана емес, бірнеше дербес өсу көзіне сүйенетін бәсекеге қабілетті әрі орнықты экономика қалыптастыру. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және келер ұрпақ үшін берік экономикалық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп хабарлады Маңғыстау облысының экономика басқармасы.
Мемлекет басшысы Жолдауда көптеген елде экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналатын шағын бизнестің маңызын атап өтті. Осыған байланысты өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр.
Бүгінде өңір экономикасындағы мұнай-газ саласының үлесі жыл сайын төмендеп келеді. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 41,9%-дан 31,8%-ға дейін азайған. Ал мұнай-газға қатысы жоқ салаларда өсім байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің өсімі 4,4%-ды (245,2 млрд теңге), сауданың өсімі 6,1%-ды (340,1 млрд теңге), құрылыстың өсімі 7,5%-ды (415,8 млрд теңге) құрады. Әлеуметтік салаларда да 5% өсім тіркелген.
«Басты мақсатымыз – 2030 жылға қарай Маңғыстауды мұнай саласына тәуелді өңірден заманауи өндірістік, көлік-логистикалық және сервистік хабқа айналдыру. Бұл бағытта қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіліп, алдағы жоспарлар қалыптастырылды. Ең алдымен, бұл жұмыс инвестиция тартудан басталады. Соңғы үш жылда өңірге негізгі капиталға салынған шамамен 3 трлн теңге инвестиция және 3 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды», – деп атап өтті ведомствода.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеу мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылды. Оның аумағы қосымша 7,9 мың гектарға кеңейтіліп, қызметтің 23 жаңа түрі енгізілді.
«Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмыс тәсілі де өзгерді. Бұрынғы әмбебап модельдің орнына өңір дамуының басым бағыттарына сәйкес жобаларды жүзеге асыруды көздейтін нақты кластерлік модель енгізілді. Қазіргі уақытта корпорацияның қатысуымен жалпы құны 22,1 млрд теңге болатын 8 бірлескен жоба іске асырылуда. Оның 13,9 млрд теңгесі – «Каспий» ӘКК-нің қайтарымды негізде ұсынған қаражаты. Жобалар аясында 600 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Олардың қатарында «Organic Fish» ЖШС-нің форель өсіру шаруашылығы мен балық өңдеу цехын салу, «BCC Project» ЖШС-нің Жылы жағажай аумағында санаторий-курорттық кешен салу және дамыту жобалары бар.
Көлік-логистика әлеуетін арттыру
Өңірді дамытудың екінші маңызды бағыты – көлік-логистика әлеуетін арттыру. Маңғыстаудың Каспий теңізі жағалауында орналасуы және халықаралық көлік дәліздеріне шығу мүмкіндігі бұл саланы дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемі үш есе артқан.
«Осы әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында облыс әкімдігі Қытайдың «Guo You Resources Group» компаниясымен бірлесіп, Қарақия ауданында жылына 25 млн тоннаға дейін жүк өткізуге қауқарлы көпфункционалды теңіз терминалын салу жобасын жүзеге асыруда. Болжам бойынша, инвестиция көлемі кемінде 1 млрд АҚШ долларын құрайды.
Сонымен қатар Ақтау порты мен «Ерсай» теңіз терминалының акваториясын 4,5 метрден 6,5 метрге дейін тереңдету жұмыстары басталды. Биыл Құрық теңіз портындағы №1 және №2 көтергіш-көпірлерді жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек, Түркияның YDA компаниясымен бірлесіп, Ақтау қаласының әуежайы базасында құны 1 млрд АҚШ долларын құрайтын мультимодальды авиациялық-логистикалық хаб салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба әуежайдың өткізу қабілетін, жүк және жолаушылар тасымалы көлемін арттыруға, сондай-ақ халықаралық әуе бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясында өңірдің транзиттік әлеуеті нығайып, логистика, қойма шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады», – деп хабарлады облыстық экономика басқармасы.
Туризмді жыл бойы дамыту көзделген
Үшінші басым бағыт – туризмді дамыту. Қазіргі уақытта облыс маусымдық туризм моделінен жыл бойы жұмыс істейтін форматқа көшуді көздеп отыр.
Атап айтқанда, Ақтау қаласында жалпы сыйымдылығы 630 орын болатын екі термалды санаторий-курорттық кешеннің құрылысы басталды. Оларды 2027-2028 жылдары аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағында жаңа әуежайдың құрылысы жалғасуда. Нысанның құны – 55 млрд теңге. Оны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында мұндай нысандардың құрылысы елімізде бұрын-соңды болмаған тәжірибе екенін атап өткен болатын.
Өңірдің туристік әлеуетін арттыру және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында Маңғыстау және Шетпе теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бейнеу вокзалын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Жыл басынан бері Бозжырада сервистік орталық, Бейнеуде демалыс базасы және Шетпеде «Qazaq Camp» туристік лагері жұмысын бастады. Алдағы уақытта өңірдегі туристік бағыттарды қажетті инфрақұрылыммен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар
Төртінші бағыт – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Биыл Жаңаөзен қаласында мұнай өндіруге арналған тербелмелі станоктар шығаратын өндіріс орны іске қосылды. «TestComOZEN» ЖШС жүзеге асырған жобаның құны – 3 млрд теңге. Қазіргі уақытта кәсіпорында 116 адам жұмыс істейді.
Жыл соңына дейін жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын тағы төрт жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың аясында 90 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл саладағы перспективалы жобалардың бірі – «KazAzot PRIME» ЖШС жүзеге асыратын аммиак-карбамид кешенінің құрылысы. Кәсіпорында жылына 1,7 млн тонна химиялық өнім өндіру жоспарланған. Құрылыс кезеңінде 1 500 жұмыс орны ашылса, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін тағы 700 адам жұмыспен қамтылады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталып, 2029 жылы аяқталуы тиіс.
Анықтама: 2025 жылдың қарашасында сыртқы инфрақұрылым нысандарын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша келісімшарттар жасалған. Жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын биылғы жылдың соңына дейін алу жоспарланып отыр.
Балық өсіру және түйе шаруашылығына басымдық берілуде
Бесінші бағыт – аквакультура мен түйе шаруашылығын дамыту. Маңғыстау облысында дәстүрлі шаруашылық түрлерін заманауи технологиялар негізінде дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Атап айтқанда, 2025-2027 жылдарға арналған аквакультураны дамыту аясында төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Organic Fish» компаниясының Каспий теңізінде арнайы торлы қондырғылар арқылы жылына 5 мың тоннаға дейін албырт тұқымдас балық өсіру жобасы. Құны – 11,9 млрд теңге. Бұл – Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылып жатқан бірегей бастамалардың бірі.
Жоба аясында албырт балығын өсіру, жинау және өңдеу үшін Норвегияның озық технологиялары енгізілуде. Өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығына ерекше мән берілген.
Қазіргі уақытта Қазақстан Еуропадан жыл сайын 8 мың тоннадан астам албырт балығын импорттайды. Жобаның негізгі мақсаты – отандық нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті азайту.
2026 жылы алғашқы өнім Ақтау, Алматы және Астана қалаларында сатылымға шығарылады. 2027 жылы импорттың 16%-ын отандық өніммен алмастыру, ал 2029 жылға қарай жылына 5 мың тонна өнім өндіріп, ішкі нарықтың 60%-ына дейін қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар 2027 жылдың екінші жартысынан бастап өнімді Орталық Азия елдеріне, Қытайға, Ресейге және Парсы шығанағы мемлекеттеріне экспорттау көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Жаңаөзен қаласында жылына 120 тонна құрғақ түйе сүтін өндіретін зауыт іске қосылды. Саланы кластерлік негізде дамыту мақсатында Ақтау қаласында қуаттылығы жылына 200 тоннадан асатын құрғақ түйе сүтін өндіретін кәсіпорынның құрылысы басталды. Оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Құны 1,9 млрд теңгені құрайтын жобаны «Қарағантүбек» ЖШС жүзеге асырып жатыр.