Yessenov University-де университеттің 50 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті
OTPANNEWS.KZ. – Бүгін, 6 қараша күні Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде «Тәуелсіз Қазақстан: 50 жылдық білім мен ғылым мұрасы және жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктер» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.
1976 жылы негізі қаланған білім ордасының жарты ғасырлық тарихына арналған ауқымды іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ардагер ұстаздар, университет басшылығы мен студенттер қатысты.
Конференцияны Yessenov University президентінің міндетін атқарушы Ермек Нұрмағанбет құттықтау сөзімен ашты. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университет ұжымына жолдаған құттықтауын жеткізді.
Жиында тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық руханияттың дамуы, тарихи сабақтастық, Маңғыстау өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары, ұлттық мұра мен ұрпақтар сабақтастығы, сондай-ақ университеттің қалыптасу және даму тарихы кеңінен талқыланды.
Басқосуда сөз алған қоғам және мемлекет қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбайұлы университеттің өңірдің білім, ғылым және мәдениет саласындағы айрықша орнына тоқталды.
– Биыл Маңғыстау өңірінің ғылымы, мәдениеті мен білім беру саласында елеулі оқиға болып отыр. Бұл – Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 50 жылдығы. Бүгінде білім ордасында 10 мыңнан астам студент білім алып, 400-ден астам ғалым еңбек етеді. Олар білім берумен қатар, өңір үшін маңызды ғылыми зерттеулермен де айналысады. Атап айтқанда, Каспий теңізінің экологиялық мәселелері, тұщы су тапшылығы, мұнай-химия саласы, табиғи байлықтарды зерттеу және тарихи ескерткіштерді сақтау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Университет түлектерінің 90 пайыздан астамы еңбекке араласып, түрлі салада қызмет етіп жүр. Бұл – оқу орнының өңір дамуына қосып отырған нақты үлесі, – деді Өмірзақ Озғанбайұлы.
Университеттің жарты ғасырлық тарихы мен өңірдегі жоғары білімнің қалыптасу жолына да ерекше назар аударылды. Осы жылдар ішінде оқу орны Маңғыстау өңірінің өндірістік және әлеуметтік салаларына мыңдаған маман даярлап, ғылыми мектептердің қалыптасуына және аймақтың зияткерлік әлеуетінің дамуына үлес қосты.
Конференция аясында университеттің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар мен ведомстволық марапаттар табысталды. Солардың қатарында университетте 32 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бибайша Нұрдәулетова да бар. Ұстазға «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Профессор өз сөзінде мемлекет тарапынан ғылым саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын атап өтті.
– Мемлекет саясатында ғылымға айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, ғылыми ізденіспен айналысатын оқытушылар мен профессорларға қолдау көрсетіліп, ғылыми жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасалуда. Өзім де Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен бірнеше ғылыми грант иеленіп, осы бағытта еңбек етіп келемін. Бұл ғылыми әлеуетімізді арттырып, зерттеулерімізді халықаралық деңгейде танытуға жол ашты. Өңір ғылымының дамуына Yessenov University-дің қосып отырған үлесі ерекше. Осы білім ордасында 32 жыл еңбек етіп келемін. Еңбегімнің еленіп, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталуым мен үшін үлкен мәртебе. Мемлекет басшысына, министрлікке және университет басшылығына алғысымды білдіремін, – деді Бибайша Нұрдәулетова.
Іс-шара қорытындысында білім, ғылым және өндіріс интеграциясын нығайту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру және зерттеу үдерістеріне енгізу, ғылыми әзірлемелерді практикалық қолданысқа бағыттау мәселелері алдағы кезеңнің басым бағыттары ретінде айқындалды.
Ғылыми-теориялық конференция университеттің 50 жылдық мерейтойына арналған мерекелік концертке жалғасты.