Мұнайлыда 81 жастағы әже немересімен бірге байқауға қатысты
OTPANNEWS.KZ. - Мұнайлы ауданында әжелер мен немерелер арасындағы сыйластықты арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған «Мен әжемін, ұрпағын әлдилеген» атты тағылымды байқау өтті.
Басқұдық ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шараның басты мақсаты – әже мен немере арасындағы байланысты нығайту, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттау, жас ұрпақты үлкенді құрметтеуге, ұлттық тәрбиені бойына сіңіруге баулу.
Байқауға әжелері мен немерелерінен құралған жұптар қатысып, өзара үйлесімділігі мен өнерін, тапқырлығы мен ұлттық дәстүрге деген құрметін көрсетті.
Шара үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, отбасы мен өнері туралы әңгімеледі. «Әжемнің асыл қазынасы» кезеңінде әжелер қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдарын таныстырып, олардың мән-маңызын түсіндірді. Ал «Немерем – өнерлі» кезеңінде әже мен немере жұптары ән айтып, өлең оқып, өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың ең әсерлі тұстарының бірі – қатысушылар арасындағы жас ерекшелігі мен ұрпақтар сабақтастығы болды. Қатысушылардың ішіндегі ең үлкен әженің жасы – 81-де. Бұл – ұлттық тәрбиенің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсететін тағылымды көрініс.
Байқау барысында қатысушылардың өнері, сахна мәдениеті, ұлттық нақыштағы киім үлгісі мен шығармашылық ізденісі бағаланды.
Тағылымы мол шара қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлап қана қоймай, әже тәрбиесінің ұрпақ қалыптастырудағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.