Түпқараған аудандық прокуратурасы 9 мыңнан астам азаматтың құқығын қорғады
OTPANNEWS.KZ. – Түпқараған ауданында прокуратура жүргізген тексерулер мен талдау жұмыстарының нәтижесінде 9 314 азаматтың құқығы қорғалды. Мемлекет меншігіне 214 млн теңге көлеміндегі мүлік қайтарылып, қадағалау қызметінің нәтижесінде 224 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Түпқараған ауданы прокуратурасының мәліметінше, азаматтардың еңбек, әлеуметтік және мүліктік құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылып келеді.
Прокуратураның ден қою шараларының нәтижесінде 227 қызметкерге 42,1 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі төленді. Сонымен қатар 2 846 кәмелетке толмаған баланың құқығы қорғалды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1 578 адамның, оның ішінде 319 баланың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді. Оларға жалпы сомасы 173 млн теңге көлемінде тиісті төлемдер тағайындалды.
Бұдан бөлек, прокуратура сумен жабдықтау қызметінің тарифтерін белгілеу кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгенін анықтады. Коммуналдық кәсіпорындардың қызметін тексеру барысында су жеткізу құны уәкілетті орган бекіткен тарифтен жоғары болғаны белгілі болды.
Прокурорлық қадағалау актісі қаралғаннан кейін уәкілетті орган уақытша өтемдік тариф белгіледі. Нәтижесінде 4 558 тұтынушы мен 115 кәсіпкердің, оның ішінде екі инвестордың құқығы қорғалды.
Сондай-ақ биыл мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарын бұзудың үш дерегі анықталды. Заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аудан прокуратурасы азаматтардың, кәсіпкерлердің құқықтарын және мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.