Маңғыстауда биыл 883 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында жыл басынан бері мас күйде көлік басқарған 883 жүргізуші анықталды. Барлығы жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушыларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша хаттама толтырылған.
Бұдан бөлек, бұрын мас күйде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырған 50 адам анықталды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тәртіп сақшылары мас күйде көлік басқару жол-көлік оқиғаларына себеп болып, өзге адамдардың өміріне де қауіп төндіретінін ескертеді. Сондықтан жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.