Жаңаөзенде денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды
OTPANNEWS.KZ. - Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру бойынша арнайы жұмыс топтарының сапары аясында Жаңаөзен қаласында маңызды кездесу өтті. Шара барысында Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасының медицина саласының өкілдерімен жүздесті. Жиынға қала әкімі Сымбат Төретаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз және «Әділет» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы қатысты.
Кездесу барысында Ұлттық құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев саяси реформалардың маңыздылығы мен өңірдегі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.
«Бұл Жолдаудың бір ерекшелігі — еліміздің 35 жылдық Тәуелсіздігі қарсаңындағы үлкен саяси реформалардың жалғасы. Ата Заңымызға өзгерістер енгізіліп, жаңа Конституция қабылданды, бірпалаталы Парламент сайланды, Халық кеңесі өз жұмысын бастады және Вице-президент институты құрылды», - деді ол.
Сондай-ақ депутат өңірде «Халықтық құрылыс» жобасы аясында жүзеге асатын медициналық инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жоспарларға баса назар аударды.
«Біз үшін ең қуанышты жаңалықтардың бірі — өңірімізде көпбейінді балалар ауруханасын салу. Мемлекет басшысының қолдауымен өңірдегі халық саны мен демографиялық өсім ескеріліп, бұл мәселе оң шешімін тапты. 1 қаңтарынан бастап кейбір медицина қызметкерлерінің жалақысы өсетіні де сала мамандарына үлкен қолдау. «Халықтық құрылыс» жобасы аясында өңірде бірқатар жобалар жүзеге асады. Жолдаудың басты мақсаты халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған», - деді депутат.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз сала бойынша алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жобаларға тоқталды.
«Біз Президенттің халыққа Жолдауын түсіндіру мақсатында келіп отырмыз. Жолдауда денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бірқатар ауқымды бастамалар белгіленді. Негізгі басымдық медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, ана мен бала денсаулығын қорғауға және салаға озық технологияларды енгізуге беріліп отыр. Денсаулық сақтау инфраструктурасын жаңғырту аясында Маңғыстауда көпбейінді балалар ауруханасы мен Ұлттық балалар оңалту орталығының филиалы салынады», - деді Лаура Ахметнияз.
Сонымен қатар, комитет төрайымы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейін көтеру және кадр мәселесін шешу шаралары туралы айтты.