Кендірлі әуежайында ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр
OTPANNEWS.KZ – Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Кендірлі әуежайы құрылысының 76 пайызы аяқталған. Мердігер компания нысандағы негізгі жұмыстарды жыл соңына дейін бітіруді жоспарлап отыр.
Жалпы аумағы 599 гектар болатын әуежайда ұшу-қону жолағы мен инфрақұрылым құрылысы қатар жүріп жатыр. Сыртқы инженерлік желілер тартылып, ұшу жолағына жарық-сигналдық жабдықтарды орнатуға дайындап жатыр.
Ұшу-қону жолағын асфальттау жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Қазір жолдың негізін бекіту, қиыршық тас төсеу және шеткі бөліктерін ретке келтіру жұмыстары атқарылып жатыр.
«Асфальт төсеу жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Қазір жолдың негізін тұрақтандыру, құм мен қиыршық тас төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар жол жиегі мен еңістерін бекітудеміз. Ұзындығы 1–1,5 шақырым болатын учаскеге асфальттың алғашқы қабаты төселді», – дейді «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС бригада басшысы Мұхтар Ахмедов.
Ал әуежай терминалының негізгі қаңқасы тұрғызылған. Қазір ғимараттың терезелері орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазір терезелер мен әйнектерді орнатудамыз. Ғимарат ішінде сылақ, шпаклевка және гипсокартон жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, бақылау-өткізу пунктінің қабырғасын қалау және шатырдағы дәнекерлеу жұмыстары атқарылуда», – дейді «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС өкілі Ерқанат Еркөбек.
Жаңа әуежай сағатына 150 жолаушыға дейін қабылдай алады. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған соң нысанды лицензиялау және қажетті құжаттарды рәсімдеу жоспарланған. Осы рәсімдерден кейін келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында әуе қатынасы басталмақ.
Алдын ала жоспар бойынша Кендірліден Қазақстанның өзге өңірлеріне, сондай-ақ Баку, Астрахань және Нүкіске халықаралық рейстер ашу көзделген. Жаңа әуе айлағы іске қосылса, Кендірлі курортына қатынау жеңілдеп, Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамытуға жол ашылады.