Маңғыстауда Есенбай Құлидың 50 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті
OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 6 қараша күні Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында Есенбай Құлидың 50 жас мерейтойына орай «Өресі биік өнерпаз» атты кездесу кеші өтіп, «Айқалқа» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Кеш барысында өнер иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетілді. Онда жақындары мен аға-ұстаздары Есенбай Құлидың өнердегі жолы, жетістіктері мен өмірлік ұстанымдары туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ жиында Мұнайлы ауданының әкімі Қанат Құлжанов мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Кездесудің маңызды бөлігі – «Айқалқа» кітабының тұсаукесері болды. Жаңа жинаққа автордың ширек ғасырдан астам уақыт ішінде жазған елуге жуық әнінің мәтіні енген. Олардың қатарында Ұлықпан Жолдасов, Ақылбек Жеменей, Тамара Асар, Жоламан Көшкінов, Асқар және Асанәлі Көшеров, Лаура Жұмаханова сынды танымал өнерпаздар орындап жүрген әндер бар.
Есенбай Құлидың айтуынша, кітаптың алғысөзін жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы жазған. Сонымен қатар жинақта Фариза Оңғарсынова, профессор Карима Сахарбаева, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов, «Отан» ордені мен мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адай және басқа да өнертанушылар мен өнер адамдарының пікірлері қамтылған.
-Кітап шығару туралы ой бұрыннан бар еді. Жақында «Атамұра» корпорациясы мен баспасының президенті Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед кітабымды жарыққа шығаруға қолдау білдірді. Өз демеушілігімен елу жас мерейтойыма орай осы еңбектің жарық көруіне ықпал етті, - деді Есенбай Құли.
Кездесуге Маңғыстаудың өнердегі ақсақалдары, мәдениет қайраткерлері, Маңғыстау облыстық Мұрат Өскінбайұлы атындағы филармонияның әншілері, өнер сүйер қауым, әншінің туған-туыстары мен достары қатысты. Кеште Есенбай Құли шығармашылық жолы, әндерінің жазылу тарихы және жаңа кітабы туралы әңгімелеп, көпшілікпен жүздесті.