Otpan News Logo

Ақтауда Жолдауды іске асыру мәселелері талқыланды

|
13.11.2026 13:32
Ақтауда Жолдауды іске асыру мәселелері талқыланды

OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында білім беру саласы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Т. Қосымбаев, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Р. Аймурзаева, Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Г. Балғожаева, «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Н. Қарасаев, «Берекет-Ф» компаниясының бас директоры З. Фаталиева, қатысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Кездесу барысында Жолдауда белгіленген басым бағыттар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру жүйесін жетілдіру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері сөз болды.


Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жұмыстары орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен және Құрылтай депутаттарымен бірлесіп ұйымдастырылуда.


-Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттарды халыққа кеңінен түсіндіру және оны іске асыру жолдарын талқылау мақсатында өңірде бірнеше жұмыс тобы құрылды. Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттары мен жаңа тарихи кезеңдегі негізгі міндеттерін айқындайды. Онда көтерілген мәселелерді әр сала өкілдерімен талқылап, халыққа мазмұнын түсіндіру маңызды, - деді «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрбек Қарасаев.


Сондай-ақ іс-шара аясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген білім беру инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру міндеттеріне тоқталды.


-Мектептерді күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңа нысандар салу үшін ең алдымен тиісті өтінім дайындалуы қажет. Бұл жұмысты облыстық білім басқармасы бастап, құжаттарды әкімдікке ұсынады. Әкімдік арқылы өтінімдер Білім министрлігіне, одан әрі Қаржы министрлігіне жолданады. Өз тарапымыздан бұл бастамаларды қолдауға және тиісті деңгейде көтеруге дайынбыз. Сондықтан жергілікті жерде жобаларды әзірлеп, өтінімдерді уақытылы ұсыну маңызды, - деді Тимур Қосымбаев.


Кездесу барысында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру, өңірдегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау, этномәдени бірлестіктердің қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру мәселелерін талқылады.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!