Otpan News Logo

Мұнайшылармен кездесуде энергетика және әлеуметтік мәселелер талқыланды

|
13.11.2026 13:32
Мұнайшылармен кездесуде энергетика және әлеуметтік мәселелер талқыланды

OTPANNEWS.KZ. - Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі арнайы жұмыс тобының Маңғыстау облысына сапары аясында Жаңаөзен қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиынға Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев, ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз бен «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Жанболат Саймағамбетов қатысты.


Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған негізгі басымдықтар, экономиканы дамыту, мұнай-газ саласын жаңғырту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, энергетикалық қауіпсіздік, денсаулық сақтау жүйесін дамыту және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.


Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев Жолдаудағы «Халықтық құрылыс» және «Халықтық цифрлық экономика» бағыттарына тоқталып, инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік нысандар салуға және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына ерекше назар аударылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, цифрлық теңге тетігін енгізу құрылыс жобаларының қаржыландырылуын ашық бақылауға, қаражаттың мақсатты жұмсалуына және нысандардың уақытылы аяқталуына мүмкіндік береді.


«Жолдаудың басты мақсаты – экономиканы ұлғайту, халықтың табысын арттыру және әрбір азаматтың өмір сапасын жақсарту. “Халықтық құрылыс” бағыты тек ғимараттар салумен шектелмейді. Ол – сапалы қызмет көрсету, білікті мамандармен қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту».

«Мұнай-газ саласын жаңғырту да маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде тек мұнай өндіру жеткіліксіз, шикізатты терең өңдеп, құны жоғары өнім шығаруға басымдық беруіміз қажет. Сонымен қатар мұнайшылардың еңбек құқығын қорғау, қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту – басты назардағы мәселелер»,- деді ол. 


Депутат сондай-ақ Маңғыстау облысында денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, газдандыру, сумен жабдықтау және көлік инфрақұрылымы бағыттарында жүзеге асырылатын жобаларға тоқталды. Оның сөзінше, жаңа әлеуметтік нысандар салу мен қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.


Өз кезегінде ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев энергетика саласындағы негізгі міндеттер мен алдағы жоспарларды таныстырды. Ол электр энергиясын өндіру көлемін арттыру, энергетикалық нысандарды жаңғырту, газдандыру және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.


Вице-министрдің айтуынша, еліміздің энергетикалық жүйесінде электр энергиясына деген сұранысты толық қамтамасыз ету және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар атом электр станциясын салу, көмір генерациясын заманауи технологиялармен жаңарту және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланған.


«Маңғыстау облысында да энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілген. 2030 жылға дейін 419 шақырым электр желісін ауыстыру жоспарланып отыр. Ал жылу желілерін жаңарту үшін 2029 жылға дейін 104 млрд теңге қарастырылған. Бұл жұмыстар инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетіп, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Қайырхан Тұтқышбаев.


Сонымен қатар вице-министр газ саласындағы жоспарларға тоқталып, 2035 жылға дейін ел халқын газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделгенін айтты. Маңғыстау өңірінде газ жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу және жылу орталықтарын көмірден газға көшіру мәселелері де қарастырылуда.


Ал Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз денсаулық сақтау саласындағы Жолдау міндеттерін түсіндірді. Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңарту бағдарламасы аясында елімізде 70 жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Оларды 2027–2029 жылдары пайдалануға беру көзделіп отыр.


Маңғыстау облысында да бірқатар медициналық нысанның құрылысы қарастырылған. Атап айтқанда, Ақтау қаласында көпбейінді балалар ауруханасы мен Ұлттық балаларды оңалту орталығының филиалын салу, Бейнеу ауданында жаңа медициналық нысандар тұрғызу және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жобалар іске асырылмақ.


«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында екі негізгі бағытты айқындады. Біріншісі – медициналық нысандар салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту. Екіншісі – медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру. Бұл шаралар медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған. 2027 жылдан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының еңбекақысын арттыру көзделіп отыр. Бұл бастама 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды. Нәтижесінде жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 42 пайызға өсіп, 607 мың теңгеге дейін, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 300 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл медициналық кадрларды қолдауға және маман тапшылығын азайтуға бағытталған », - деді Лаура Ахметнияз. 


Кездесу соңында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген міндеттерді іске асыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Жиын қызметкерлердің сауалдарына жауап берумен жалғасты.

4
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!