"Салауатты сана" бағдарламасы аясында пікірсайыс турнирі өтті
Мұнайлы ауданында оқушылар арасында құмар ойындарға тәуелділіктің (лудоманияның) алдын алу және сыни ойлау қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Салауатты сана» бағдарламасы өз жалғасын табуда.
Бағдарлама аясында өткен пікірсайыс турнирінің марапаттау кезеңі салтанатты түрде өтті. Іс-шараға Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р. Шамуханов қатысып, жеңімпаздарды құттықтап, үздік қатысушыларға марапаттар табыстады.
Турнирге ауданның әр мектебінен 30-ға жуық оқушы қатысып, өзара 8 раунд бойынша пікірсайыс өткізіп, логика, шешендік және сыни ойлау қабілеттерін сынға салды. Тартысты өткен ойындар нәтижесінде жеңімпаздар төмендегідей анықталды:
1-орын – «Мета» командасы
2-орын – №2 мектеп командасы
3-орын – №19 мектеп командасы
3-орын – №7 мектеп командасы
Ал «Үздік спикер» аталымымен Өзбекбай Құралай марапатталды.
Турнир жасөспірімдердің ойлау мәдениетін, топтық жұмыс дағдысын және өз көзқарасын дәлелдей білу қабілетін дамытуға бағытталған маңызды шара болды.
Айта кетейік, жоба Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «ӘСЕР» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.
Орынбасарова Маржан