Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда «Даму» қоры арқылы 2035 жоба қолдау тапты

|
05.11.2025 11:14
Маңғыстауда «Даму» қоры арқылы 2035 жоба қолдау тапты

«Даму» қорының аймақтық филиалының басшысы Берік Қадыровтың айтуынша, 2024 жылдан 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін республика бойынша 36 мыңнан астам жоба қолдау тапқан. Соның ішінде Маңғыстау облысы 2 035 жобамен жиырма өңірдің арасында 6-орында тұр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Қор тарапынан кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетіліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл туралы өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. 


Жиында өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалдарының басшылары атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.


Биыл да «Даму» қоры арқылы «Өрлеу» бағдарламасы және Кепілдік қоры іске асырылып, кәсіпкерлік белсенділігі артып, өндіріс, туризм, білім беру, медицина, көлік және логистика салаларында жаңа жобалар іске қосылған. Бағдарламалар аясында шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несие мен кепілдік беру тетіктері ұсынылуда.


Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде өңірде бірнеше ірі жобалар жүзеге асуда. Олардың қатарында туризмді, өнеркәсіпті және логистиканы дамытуға бағытталған бастамалар бар. Бұл жобалар Маңғыстау экономикасының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етуде.


Ал «Аграрлық несие корпорациясының» Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Ернат Каковтың мәліметінше, ауыл шаруашылығын қаржыландыру бағытында бірқатар тиімді бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Корпорация өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында шаруаларға жеңілдетілген несие ұсынып, негізгі құралдар мен мал басын көбейтуге, айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік беруде.


Биылғы жылы Маңғыстау облысында 200-ге жуық жоба қаржыландырылып, оның ішінде ең көп несие Ақтау мен Жаңаөзен қалалары, сондай-ақ Мұнайлы және Түпқараған аудандарында берілген. Шаруалар «Агробизнес», «Іскер» және басқа да бағдарламалар аясында қолжетімді несие алып, өз өндірісін кеңейтуде.


Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай кәсіпкерлікті дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының маңызды негізі екенін атап өтті.


«Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Ендігі мақсат – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Әрбір кәсіпкер өз ісін адал атқарып, өңірдің дамуына үлес қосуы қажет. Кәсіпкерлік – экономиканың тірегі әрі жаңа мүмкіндіктердің бастауы», – деді облыс әкімі.
61
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!