Маңғыстауда қытайлық инвестор алюминий өнеркәсібіне арналған анод өндіру зауытын салады
Маңғыстау облысында қытайлық инвестор алюминий өнеркәсібіне арналған анод өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаны «Shandong Hongzhi Jeyie Chemical Co., Ltd» компаниясы жүзеге асырады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кәсіпорынның құрылысына шамамен 10,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылмақ.
Зауыт «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында салынады. Компания бас директоры Сон Джицзенің айтуынша, өндіріс орнының қуаттылығы жылына 50 мың тонна өнім шығаруға жетеді. Жобаны іске қосу нәтижесінде 260 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен қытайлық компанияның бас директоры Сон Джицзе басқосуда талқылады. Сондай-ақ кездесуде өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру және жаңа өндірістік жобаны жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының инвестициялық ахуалы тұрақты екенін және әкімдік шетелдік инвесторларға барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Өңір экономикасын дамытуға серпін беретін және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызатын жобаларды қолдауға дайынбыз. Бар мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, заң аясында олардың жедел әрі нәтижелі іске асуына жан-жақты жағдай жасауға әзірміз, – деді өңір басшысы.
«Shandong Hongzhi Jeyie Chemical Co., Ltd» - Қытайдың жетекші химия өнеркәсібі компанияларының бірі. Компания көміртекті материалдар мен электрөткізгіш өнімдер өндіру саласында мол тәжірибеге ие.
Айта кетейік, 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Жыл басынан бері экономикалық аймаққа 25 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның 6,6 млрд теңгесі тікелей шетелдік инвестициялар. Қазіргі таңда АЭА аумағында 55 отандық және шетелдік компания тіркелген. Оның 27-сі толық іске қосылған, ал 28 жоба жүзеге асырылу кезеңінде.