Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда бірнеше бағыттағы автожолдар жаңартылуда

|
30.10.2025 15:03
Маңғыстауда бірнеше бағыттағы автожолдар жаңартылуда
otpannews.kz

Маңғыстау облысында көлік инфрақұрылымын дамыту және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.


Осыған орай Маңғыстауда облыс бойынша маңызға ие Ақтау-Форт-Шевченко-Таушық және Ақтауда 29А шағын ауданының сыртындағы автомобиль жолдарын қайта жаңарту барысын таныстыру мақсатында өңірлік БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.


Баспасөз туры барысында Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Мұрат Асадуллаев журналистерге жол құрылысының барысы мен жоспарланған жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді.


Бүгінде облыстық маңызы бар «Ақтау-Форт-Шевченко» және «Форт-Шевченко-Таушық» автомобиль жолдарын қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Аталған бағытта бірнеше кезеңнен тұратын ауқымды реконструкция жобасы қолға алынған. Мәселен, 5-43 шақырым аралығындағы жол бөлігін қайта жаңарту жұмыстары толығымен аяқталуға жақын. Сонымен қатар, 43-132 шақырым аралығындағы жол бөлігін реконструкциялау жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайтын бұл бағыт үш кезеңге бөлінген.   


«43-73 шақырымда құрылыс жұмыстары 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Бүгінде 17 шақырым жолға асфальттың алғашқы қабаты төселіп, тағы 6,7 шақырымда жолдың төменгі қабатын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. 73-104 шақырым 2025-2027 жылдары жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. 104-132 шақырым орташа жөндеу жұмыстары 2025–2027 жылдары өтеді», - деді Мұрат Асадуллаев.


Айта кететін жайт, биыл 12 шақырым жолға асфальт жабындысы төселетін болады.


«Форт-Шевченко-Таушық-Шетпе» автожолының 55-90 шақырым аралығындағы жол учаскесінде де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайтын бұл жоба үш кезеңнен тұрады. Оның ішінде 55-70 шақырым - «АБАТ» ЖШС мердігерлігімен толық аяқталып, жол пайдалануға берілсе, 70-85 шақырым – қазіргі уақытта 12 шақырымға асфальт төселіп, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ. 85-90 шақырым – «Нұрлы жол» ЖШС мердігерлігімен белсенді құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы.


Жол құрылысына қатысты пікір білдірген түркіменстандық жүргізуші Назар Гелдиев өңір жолдарының сапасына оң бағасын берді.


«Түркіменстаннан Қазақстанға үнемі жүк тасимын. Жолда көп жүремін. Сол тәжірибеммен айтар болсам, Маңғыстау облысының жолдары елдің өзге өңірлерімен салыстырғанда жақсы деңгейде деп баға берер едім», – деді жүргізуші Назар Гелдиев.


Жалпы, бұл жобалар Маңғыстау облысының жол инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, аймақтың экономикалық белсенділігін, жүк және жолаушы тасымалының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ туризмнің дамуына серпін береді деп күтіліп отыр. Маңғыстау облысында автожол инфрақұрылымын дамыту соңғы жылдары басым бағыттардың біріне айналғаны белгілі. Жаңа жолдар мен реконструкцияланған учаскелер өңірдің туризмін, жүк тасымалын және жергілікті елді мекендер арасындағы байланысты айтарлықтай жақсарта түспек. 

73
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!