Бейнеуде қаңғыбас мысық тістеген 43 жастағы әйел құтырма дертінен көз жұмды
Бейнеу ауданында қаңғыбас мысық тістеген 43 жастағы әйел құтырма дертінен көз жұмды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарының айтуынша, марқұм дер кезінде дәрігерге жүгінбеген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мамандардың мәліметінше, әйел далада жатқан кезде қаңғыбас мысық маңдайынан тістеп алған. Оқиға тамыз айында болған екен. Алайда ол медициналық көмекке бір айдан кейін жүгінген. Жағдайы нашарлап ауруханаға түскен соң үш күннен кейін қайтыс болыпты.
Мамандар құтырманың емі жоқ екенін айтып отыр. Дегенмен, жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініп, екпе салдырса, аурудың алдын алуға болатынын айтады.
Науқас аудандық аруханаға келіп, медициналық көмекке жүгінген. Оған 23 қыркүйекте құтырма диагнозы дәлелденіп, өкінішке қарай 26 қыркүйек күні құтырма ауруынан көз жұмды. Себебі құтырма ауруының емі жоқ. Кез келген жануардың тістеуінен немесе тырнауынан зардап шеккен жағдайда дер кезінде антирабикалық көмекті алу үшін медициналық көмекке жүгіну қажет, - деді Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Көркінбаева.
Гүлнар Көркінбаеваның айтуынша, Маңғыстау облысында соңғы рет мұндай жағдай 2004 жылы Жаңаөзен қаласында тіркелген. Сол уақыттан бері, яғни 21 жыл бойы құтырма дертінен адам өлімі тіркелмеген.