Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстаулық құтқарушы әлем чемпионатында Қазақстанның намысын абыроймен қорғады

Маңғыстаулық құтқарушы әлем чемпионатында Қазақстанның намысын абыроймен қорғады

26 қазан мен 1 қараша аралығында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өрт-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Маңғыстау облысының құтқарушысы Абай Қонысбаев екі мәрте жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасын үздік төрттіктің қатарына кіргізді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жарыстың алғашқы күнінде Абай штурм сатысымен көтерілу сайысында жеке рекорд орнатып, 13,76 секунд нәтижемен бірінші орынды иеленді. Ал келесі күні ол 100 метрлік кедергілер жолағын небәрі 16,24 секундта бағындырып, тағы да үздіктер қатарынан көрінді. Осылайша, маңғыстаулық спортшының өнері еліміздің құрама командасына командалық есепте үздік төрттіктің қатарына кіруге мүмкіндік берді.


Абай Қонысбаев өрт-құтқару спортымен жеті жылдан бері айналысып келеді. Оның жеке бапкері — тәжірибелі жаттықтырушы, көптеген әлем чемпионы мен жүлдегерін дайындап жүрген Айбек Хибатов. 


Абай бұған дейін де бірнеше халықаралық және әлемдік деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғап жүр.


Осыған дейін, 2019 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатына қатыстым. Ол жарыста 4х100 метрлік эстафетада — 3 орын, жауынгерлік қанат жаюдан — 2 орын, ал жалпыкомандалық есепте — 3 орын иелендік. Сонымен қатар биыл мамыр айында Ресейдің Уфа қаласында халықаралық турнирде бақ сынадым. Додада 4х100 метрлік эстафетада — 3 орын алдым. Бұл тәжірибелер мені үлкен жарыстарға дайындады, — деді Абай.


Эр-Риядтағы әлем чемпионаты Абайдың ерлер арасындағы алғашқы әлемдік додасы болды.


Әрине, алғаш рет ерлер арасындағы әлем чемпионатына қатысқан соң қобалжу болды. Бірақ өзімді қолға алып, барлық кезеңдерді ойдағыдай жүгіріп өттім. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Барлық елдің дайындығы мықты еді, сондықтан әр секунд шешуші рөл атқарды, — дейді спортшы.


Айта кетейік, биыл әлем чемпионатына 15 елдің үздік спортшысы қатысып, өзара бақ сынады. Бұл дода — өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби шеберлігі мен физикалық дайындығын әлемдік деңгейде танытатын басты спорттық жарыстардың бірі.

84
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!