Банктер телефонмен сөйлесу кезінде аударымдарды бұғаттайды
Енді микрофон қосулы кезде онлайн банкинг бұғатталады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ақпараттық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған жаңа нормативтік түзетулер қабылдады. Қаулы қаржы ұйымдарында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен цифрлық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған.
— Құжаттың негізгі мақсаты — қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын күшейту, клиенттердің дербес деректерін қорғау деңгейін арттыру және киберқауіптерге жедел ден қою жүйесін жетілдіру, — делінген құжатта.
Қаулы нормаларының бір бөлігі алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. Атап айтқанда, қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздік жедел орталықтары «Qainar» ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпаратты өңдеудің автоматтандырылған жүйесін пайдалану тәртібі нақтыланады. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған редакциялық түзетулер енгізілген.
Қосымша ұйымдастырушылық және техникалық дайындықты қажет ететін нормалар 2025 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
Олардың ішінде мынадай негізгі өзгерістер бар:
— банк мобильді қосымшасында бұрын тіркелмеген құрылғы арқылы клиентті қайта аутентификациялау тәртібі нақтыланады;
— микрофон қосылған кезде мобильді банкингті бұғаттау талабы енгізіледі;
— ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін технологиялық оқиғалар тізбесі кеңейтіледі;
— банк инфрақұрылымы істен шыққан жағдайда уәкілетті органды «Qainar» жүйесіне балама ретінде телефон арқылы хабарлау мүмкіндігі енгізіледі;
— тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес, банк бөлімшелеріндегі ақпараттық қауіпсіздік пен алаяқтыққа қарсы күрес функциялары бөлінеді;
— банктердің ақпараттық қауіпсіздік жүйесіне сыртқы тексеру кемінде үш жылда бір рет жүргізіледі.
— Жаңа талаптар қаржы ұйымдарының цифрлық тұрақтылығын арттырып, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға серпін береді, — делінген Агенттік хабарламасында.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс банк қызметі туралы заң жобасын мақұлдады.