Өңірде түйе сүтінен өнім өндіру, жүн мен тері өңдеу цехы салынады
Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы саласында осы жылы 3 инвестициялық жоба іске асады. Оның ішінде құрама жем, көкөніс қоймаларын салу және балық шаруашылығын дамыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Батырбек Тәжімұханов айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, облыста 3 582 шаруа және фермер қожалығы бар. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны - 3 435. Сонымен қатар, облыс бойынша 545 640 бас мал тіркелген. Былтыр 526 683 мал басы болған.
- «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 244 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Ал 144 жоба өз кезегін күтуде. Бұдан бөлек 15 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және несиелендіру жоспарлануда. «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру» бағдарламасы бойынша 5 инвестициялық жобаны іске асырамыз. Биыл оның үшеуі жүзеге асады. Оның ішінде түйе сүтін өңдеу, жүн мен тері өңдеу цехы құрылысын салу, көкөніс қоймаларын салу және балық шаруашылығын дамыту жоспарланып отыр. Аймақта тамақ өнімдерін өндіру саласында 20 ірі өндірістік және қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Осы жылдың 3 қарашасындағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорында 10 857,7 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бар. Бұл бағытта облыс аумағында тоғыз көкөніс-жеміс сақтау қоймасы жұмыс жасайды, - деді Батырбек Тәжімұханов.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден мемлекет меншігіне 90 мың гектар қайтарылады. Осы жылы жалпы аумағы 115 790 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.