Мектеп бағдарламасына жүзу сабақтары енгізіледі
Qazaq Aquatics федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин Үкімет отырысында жүзу сабағы дене шынықтыру жүйесіне енгізіліп, мектептегі дене тәрбиесі пәнінің құрамдас бөлігіне айналатынын айтты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, жүзу – барлық жастағы адамдарға қолжетімді әрі әмбебап дене белсенділігінің түрі.
«Жүзу денсаулықты нығайтады, тәртіпке баулиды және салауатты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. UNICEF бастамасын қолдай отырып, біз «Әр бала жүзуді үйренуге мүмкіндік алуы керек» деген ұстанымды басшылыққа аламыз. Федерация жүзуді бұқаралық спортты дамыту, халық денсаулығын жақсарту және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсаттарын біріктіретін стратегиялық маңызды бағыт ретінде қарастырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2024 жылы әлемде 236 мыңнан астам адам суға кеткен, олардың 82 мыңы — 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл сандар халықты жүзудің бастапқы дағдыларына және суда қауіпсіздік ережелеріне үйретудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», – деді Дмитрий Баландин.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, жүзу сабағын дене тәрбиесі жүйесіне енгізу және оны мектеп бағдарламасына қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Жоба 2026 жылы пилоттық режимде Алматы мен Астана қалаларында іске қосылып, кейін кезең-кезеңімен бүкіл ел бойынша енгізіледі деп жоспарлануда. Бұл бастама жүзу спорты дамыған АҚШ, Австралия және Венгрия сияқты елдердің тәжірибесіне сүйенеді. Олар көп жылдан бері мектеп жүйесінде балаларға жүзуді міндетті түрде үйрету бағдарламасын сәтті жүзеге асырып келеді. Жобаны іске асыру балалардың ерте жастан бастап суда қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ спортты салауатты өмір салтының бір бөлігі ретінде қабылдауына мүмкіндік береді. Осылайша, федерация жүзуді тек спорт саласы ретінде емес, қоғам үшін маңызды әлеуметтік миссия ретінде де қарастырады», – деді ол.
Сонымен қатар, ол бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым бар екенін атап өтті.
«Қазір елімізде 360-тан астам бассейн жұмыс істейді, оның 35-і – 50 метрлік олимпиадалық стандарттағы бассейндер. Су спортымен 135 мыңнан астам адам айналысады, оларға 900-ден астам білікті жаттықтырушы сабақ береді. Федерация халықты су спорты түрлеріне тарту және жүзу мәдениетін қалыптастыру бағытында түрлі бағдарламаларды белсенді түрде іске асырып келеді. Белгілі спортшылар мен жаттықтырушылардың қатысуымен шеберлік сабақтары өткізіледі, бұқаралық жүзулер мен фестивальдер ұйымдастырылады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарды жүзу бағдарламаларына қатыстыруға жағдай жасалуда», – деп қорытындылады Дмитрий Баландин.
85
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев