Ақтауда алғаш рет халықаралық жастар форумы өтіп жатыр
Ақтауда өңір тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан халықаралық жастар форумының ашылу салтанаты өтті. Ауқымды шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің комитет төрағасы мен Маңғыстау облысының әкімі қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Форумға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен 150 жас делегат қатысып жатыр. Жиында түркітілдес елдердің жастары арасында тәжірибе алмасу, креативті жобаларды таныстыру және жаңа идеяларды дамыту талқыланбақ.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай форумның ашылуында Ақтаудың түркі елдері жастарының шығармашыл бастамаларын біріктіретін ортаға айналғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Бүгінгі форумда түркітілдес бауырлас елдерден келген ертеңгі күннің көшбасшылары жиналып отыр. Бұл шара – Мемлекет басшысының жастарды қолдау бағытындағы стратегиялық саясатының жарқын көрінісі. Сіздер – әлемнің болашағысыздар. Әрқайсыңыз өз салаларыңызда үздік маман, елге пайдасын тигізер азамат болуға әлеуеттісіздер. Ертең биік жетістіктерге жеткенде, бүгінгі кездесулеріңізді еске алып, алғашқы қадамдарыңыздың «Aktau Youth Forum»-нан басталғанын ұмытпаңыздар. Бүгінгі форум достық пен ынтымақтастықтың мекеніне айналады деп сенемін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сахнада бауырлас халықтардың әндері шырқалып, өнерпаздар ұлттық би арқылы достықтың рухын көрсетті.
Түрікменстаннан келген Аннагелді Годоров мұндай форумдар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа серіктестікке жол ашатынын атап өтті.
Бүгін форум аясында Бүгін «Сана», «Серпіліс» бағыттарындағы панельдік сессиялар Достық үйінде өтеді. Ал ертең, 6 қараша күні «Саулық» және «Сауат» панельдік сессиялары «Caspian Riviera» қонақүйінде өтеді.
Сессияларда елімізге танымал Рахат Қосбармақ, Дана Нұржігіт, Нұрлан Байжігітұлы, Дина Төлепберген сынды тұлғалар спикер болады. Қатысушылар жастар саясаты, денсаулық, білім және қоғамдағы белсенділік мәселелерін талқылайды.
Сонымен қатар форумда Қазақстанның жастар ресурстық орталықтарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді. Форум соңында қатысушылар Маңғыстаудың тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің киелі мекендерімен танысады.