Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Жаңаөзенде «Qazaq Symbols: Кеше, Бүгін, Ертең» жобасы аясында мемлекеттік рәміздерге арналған викторина өтті

|
04.11.2025 17:50
Жаңаөзенде «Qazaq Symbols: Кеше, Бүгін, Ертең» жобасы аясында мемлекеттік рәміздерге арналған викторина өтті

Жаңаөзен қаласында Қоғамдық қор «Қазақстан экологиялық қоры» жүзеге асырып жатқан “Qazaq Symbols: Кеше, Бүгін, Ертең” әлеуметтік жобасы аясында мемлекеттік рәміздердің маңызын арттыруға бағытталған танымдық іс-шара өтті.


Бұл жолы Абай атындағы №19 жалпы білім беретін мектепте Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған білімділік викторина ұйымдастырылды. Шараға барлығы 103 оқушы қатысып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін сынап көрді.


Жоба «Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және олардың маңызын түсіндіру» басым бағыты бойынша жүзеге асуда және Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылып отыр.


Викторинаның басты мақсаты — жас ұрпаққа Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның мәнін терең ұғындыру, олардың тарихи және рухани маңызын түсіндіру. Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының рәміздері туралы сұрақтар қойылып, қызықты деректер мен бейнематериалдар ұсынылды.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара — жобаның алғашқы кезеңдерінің бірі ғана. Алдағы уақытта осындай викториналар, эссе жазу және көркем сурет салу байқаулары өтеді. Бұл байқаулар арқылы оқушылар мен жастар өз елінің рәміздеріне деген сүйіспеншілігін шығармашылық тұрғыда көрсете алады.


Айта кету керек, байқаулардың жалпы жүлде қоры — 250 мың теңгені құрайды. Ең үздік қатысушылар марапатталып, олардың еңбектері қалалық және облыстық деңгейде насихатталатын болады.


Сондай-ақ жоба аясында Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласында түрлі семинарлар мен тренингтер өткізу жоспарланған. Бұл іс-шараларға мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері де қатыса алады. Ұйымдастырушылар қоғамның әр саласында қызмет ететін азаматтарды Мемлекеттік рәміздердің мәнін ұғынуға және оларды құрметтеуге шақыруда.


Мемлекеттік рәміздер — елдің еңсесін көтеріп, халықтың рухын біріктіретін қасиетті белгілер. Туымыз — тәуелсіздіктің айғағы, Елтаңбамыз — бірліктің нышаны, Әнұранымыз — ел рухының үні. Сол себепті мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді күшейтіп, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға зор үлес қосады.


77
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!