Otpan News Logo

Маңғыстаулық спорт саңлақтары жалпыұлттық референдумда дауыс берді

|
15.03.2026 17:45
Маңғыстаулық спорт саңлақтары жалпыұлттық референдумда дауыс берді

Бүгін, 15 наурыз күні Маңғыстау облысының абыройын халықаралық аренада асқақтатып жүрген танымал спортшылар ел болашағы үшін маңызды тарихи сәтте бірлік танытып, жалпыұлттық референдумда өз таңдауларын жасады. Өңірдің спорт майталмандары таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық жауапкершілік таныту арқылы жастарға үлгі көрсетті.


Дауыс берушілердің алғашқы сапында бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов пен джиу-джитсу шеберлері, ағайынды егіздер Айбек және Нұрбек Закариндер болды. Сонымен қатар, ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген «Көкмойнақ» командасының шабандозы Нұрсағы Семенбай мен қазақ күресінің мақтанышы Қара бура атымен танымал Нұрдәулет Жарылғапов та өз таңдауын жасап, мемлекеттік маңызы бар шараға белсене қатысты.


Ел намысын дзюдо татамиінде қорғап жүрген Айбек Имашев, Сұңғат Жұбатқан, Ақниет Тұрдан және Төрекен Қобланов та саяси науқаннан шет қалмады. Олармен бірге гір тасын көтеруден рекордшы Нартай Алтыбаев, ММА майталмандары NAIZA промоушенінің президенті Нұрбек Қарабала мен Жеңіс Қайранов, сондай-ақ, көркем гимнастикадан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Жансая Жаңбыршиева дауыс беру учаскелеріне келіп, еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс берді.


Спортшылар бұл референдумның мемлекет дамуы мен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлі зор екенін атап өтті. Жеңіс тұғырында байрағымызды желбіретіп жүрген саңлақтардың бұл қадамы аймақ жұртшылығының, әсіресе өскелең ұрпақтың отансүйгіштік сезімін оятуға бағытталған маңызды қадам болды.

25
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!