Otpan News Logo

Yessenov университетінің студенттері референдумға барады

|
12.03.2026 14:34
Yessenov университетінің студенттері референдумға барады

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өсірбаев және университет президенті Берік Ахметовтың қатысуымен 15 наурыз күні өтетін референдумның маңызы және жастарға беретін мүмкіндіктері туралы түсіндірме кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Кездесу барысында студенттерге жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен жастарға арналған артықшылықтары жан-жақты баяндалды. Сонымен қатар, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, Конституция жобасының әр тармағы бойынша нақты түсінік алды. Мәселен, білім, ғылым, инновацияны дамыту бағытындағы құқықтық кепілдіктер, волонтерлық қызметке қатысты жаңа мүмкіндіктер және жастардың қоғамдық өмірге қатысуын қолдауға арналған шаралар талқыланды.


Жиынға университеттің белсенді студенттері қатысып, ойларын білдірді. Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Құқық және халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенті Бекзат Қадірбай жаңа Конституцияның жастарға беретін мүмкіндіктері туралы айтты.


-Жастарға айтарым, жаңа конституция жобасының 3-бабы, 2-тармағында көрсетілгендей, мемлекеттің стратегиялық бағыты білім, ғылым және инновацияны дамытуға бағытталған. Бұл бізге құқықтық кепілдік пен жаңа мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, конституцияда волонтерлық қызметке де ерекше көңіл бөлінген, бұл бұрынғы тәжірибеде болмаған жаңалық. Волонтерлық статусқа ие болу – біздің болашағымыз үшін жарқын мүмкіндіктер ашады,– деді Бекзат Қадірбай.


Студенттердің қызығушылығы мен белсенділігі жиын барысында ерекше байқалды. Көптеген қатысушылар өз ойларын ортаға салып, жаңа конституцияның олардың жеке және кәсіби дамуына, сондай-ақ қоғамдағы рөліне қандай әсер беретінін талқылады. Кездесудің нәтижесінде жастар жаңа конституцияның олар үшін тек құқықтық құжат емес, сонымен қатар практикалық мүмкіндік, әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды құрал екенін терең түсінді.


Мұндай кездесулер студенттерге заңнамалық жаңалықтарды түсінуге, өз құқықтары мен міндеттерін білуге, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жастардың волонтерлық және қоғамдық қызметке қатысуының маңыздылығы ерекше атап өтілді, өйткені бұл олардың қоғамдағы орнын нығайтып, болашақ кәсіби және әлеуметтік дамуына серпін береді.

46
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!