Маңғыстауда «Әділетті және прогрессивті Қазақстан үшін» жалпықазақстандық жиын өтті
Маңғыстау облысында «Әділетті және прогрессивті Қазақстан үшін» атты жалпықазақстандық жиын өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облысы бойынша өкілдері қатысып, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлеріндегі этномәдени бірлестіктердің мүшелері және ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли онлайн форматта қосылды.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлі, оның негізгі қызметі мен маңызы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, жаңа Конституцияның құрылымы, мазмұны мен негізгі қағидаттары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесуде қатысушылар еліміздегі бірлік пен ынтымақтың мемлекет дамуының басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ халық кеңесінің маңызы, отбасы институтының қоғамдағы орны, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері сөз болды. Бұл бағытта этномәдени бірлестіктер мен өзге ұлт өкілдерінің қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтудағы рөлі ерекше екені айтылды.
Сонымен қатар, онлайн форматта қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері жаңа Конституциядағы бөлімдер мен баптарға тоқталып, олардың қоғам дамуы үшін маңызын атап өтті. Қатысушылар өздеріне ерекше ұнаған және маңызды деп санаған тұстарын ашық айтып, жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру, ел бірлігін нығайту бағытындағы нормаларға қолдау білдірді.
Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Амангүл Джайлханова жаңа Конституцияның маңызына тоқталды.
– Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрінің қатысуымен жаңа Конституция мәтінін насихаттауға арналған республикалық деңгейдегі жиын өтті. Сонымен қатар қазіргі қоғамдық-саяси науқан аясында 15 наурызда өтетін референдумға қатысу мәселесі де кеңінен талқыланды. Жиын барысында спикерлер жаңа қабылданғалы отырған Конституция нормалары туралы айтып өтті. Өз басым бұл құжатты «халықтық Конституция» деп атауға болады деп есептеймін. Себебі енгізілген өзгерістердің шамамен 80 пайызы халықтың мүддесіне, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік жағдайына қатысты. Сондықтан оны халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар, – деді Амангүл Джайлханова.
Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституцияның құндылықтары мен елдің даму бағытына қатысты пікір алмасып, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайту жолында бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.