Otpan News Logo

Бұрын Амал мерекесі қалай тойланды?

|
14.03.2026 10:00
Бұрын Амал мерекесі қалай тойланды?

Амал – жыл басы, төрт түлік төлдеп, жуанның жіңішкеретін уақыты. Көк шығып, жер бусанғанда адамдар таң атысымен оянып, ұлттық киімдерін киіп, әшекейлерін тағатын сәт. Көрісу – қазақтың рухани тазару, кешірім мен мейірім мерекесі. Екі қолды қысып,төс қағыстыратын бұл мейрам бұрын қалай тойланғаны туралы otpannews.kz тілшісі ізденіп көрді. 


Наурыз қазақта жыл басы саналады. Жылдың басталуын халқымыз ұзынсарымен байланыстырады. Ұзынсары – қыс мезгілі бітіп, күн ұзарып, жер бетіне жылу жүре бастаған кез. Халық арасында қыстық соғымнан бөлек, ұзынсарыға да ет тұздап, азық жинап дайындалған. 


“Бала күнімде ата-анамыз көктемде мал сойса еттерді тұздап, ішек-қарыннан тамақ әзірлеп, ұзынсарыға деп алып қоятын. Оның мәнін ол кезде ұқпадым. Қазір ойласам, “ұзынсары” деп – мал төлдеуге жақындаған сәтті айтады екен. Жыл басталып, қар ерігенде шөп шүйгін бола қоймайды. Сол кездері буаз малды соймай, төлдеген малға тимей, алдын ала дайындалған еттерді азық ететінбіз”,- деп бөлісті Таушық ауылында туған Жұпар әже. 


Оның айтуынша, бала күнгі Амал мерекесі мен қазіргі көрісте айырмашылық бар. Қазір таңдау да көп, ел де – еркін.


“Менің бала күнімде қазіргідей көп таңдау жоқ. Біз көріс мерекесіне бірнеше күн бұрын тәттілерімізді пісіріп дайындалатынбыз. Наурыз айы басталып, қар ерігеннен-ақ Амалға дайындық қызатын. Үйдің ауласын тазартып, қар астынан шыққан қоқыстарды жинайтынбыз. Қора тазалап, үйдің іші-сыртын ақтап, әктейтін. Үйдегі кілем, текемет, киіз бен алашаның бәрін далаға шығарып, жуып, үйді де толық жинайтын едік. Амал күні далаға от жағып, үлкен қара қазанға ет асылатын. Ол кездері қазіргідей көп картоп та салмайды. Қазанда піскен етті шығарып, табаққа салып үстелге қоятын. Ал балалардың әрқайсына арнап қалта тігіп, ішіне тәттілер салып мойындарына асып беретін. Таңғы 5-6-да ұйқымыздан оянып, қалтамызды асынып, көршілердің, туыс-туғанның үйін аралап кететінбіз”,- деді Жұпар Қағазова. 


Әжейдің айтуынша, дастархан жайылған үй иелері сыртқа шықса да, есік кілттенбеген. Үйдегі адамдардың көрісетін жері болса шығып кете беретін. Ешкім жоқ үйге келген қонақтар дастарханнан дәм татып, сапарларын әрі қарай жалғай береді. 


“Біздің бала күніміз Кеңес үкіметінде өтті. Ол кездері ұлттық мерекеміз дүркіреп тойланбайтын. Бірақ ата-әжелерден көрген жөн-жоралғыларымызды жасап, бір-бірімізбен міндетті түрде көрісетінбіз. Үлкендер сандықтарын ашып, ішінде бар жақсы маталары мен киім-кешектерін тізіп, іліп қоятын. Біз үшін Амал – жыл басы, жаңару күні еді”,- деп түйіндеді әжей. 


Ал Базархан әженің айтуынша, тазару күні – наурыздың 13-і. Оның айтуынша, дәл осы күні үй жинап, барлық жерді тазалау қажет. Ең соңынан адам өзі суға түскен жөн. Өйткені аңыз бойынша адам құйқасында су тимейтін бір тал шаш болады. Осы шашқа су тиетін жалғыз күн жылына бір келеді, ол – “иіс” күні, яғни 13 наурыз. 


“Мен анамнан ерте айырылып, жеңгемнің қолында өстім. 14 наурыз күні үлкендер: “Несібе шашылып жатыр, тұрыңдар, несібе жинаңдар”,- деп ерте оятатын. Кішілер үлкендерге келіп көрісіп, балаларға тәттілер үйлестірілетін. Балалар да өз бетінше үй аралайтын еді. Ол кездері қазіргідей жыл сайын жаңа ұлттық көйлек тігіп киеді деген жоқ. Бірақ адамдар барынша таза, әдемі киім киюге тырысатын”,- деді Базархан Джандосова. 


Әжейдің айтуынша, көрісу – жыл бойы жалғасады, яғни тек наурыздың 14-і емес, көріспеген адамдарыңмен жыл бойы қол қысып амандасу қажет. Бұл – ізеттің белгісі. 


“Көрісу мейрамы – жыл басталғанын білдіреді. Ұлтымыздың жаңа жылын тойлау біздің өңірде елдің басқа аймақтарынан ерте басталады”,- деді Базархан әже. 


Базархан Джандосова да, Жұпар Қағазова да бала күндерінде “наурыз көже” туралы білмегендерімен бөлісті. Олар баяндағандай, бірінің үйінде ет асылса, енді бірінің үйінде күріш пісірілген. 


“Менің үйімде, ауылымда наурыз көже пісірілмейтін. Айтқанымдай қазанға ет асылатын. Ет піскесін етті шығарып алып, сорпасына жеті түрлі дәм салынатын. Бәлкім, сол наурыз көже болар”- деді Жұпар Қағазова. 


Екі әжейге де ортақ естелік – асқа жеті дәмнің қосылуы. Өйткені Базархан Джандосованың айтуынша, ол өскен ауылда пісірілген күрішке де жеті түрлі дақыл қосылатын. 


Иә, заман өзгеріп, тұрмыс түзелсе де, Амал мерекесінің алтын арқауы – мейірім мен кешірімөзгерген жоқ. Әжелеріміз аңсап айтқан сол баяғы "ұзынсарының" берекесі бүгінгі ақ дастарқандарға ауысты. Ең бастысы, көрісу – тек қол алысу емес, ол – өткен өкпе-ренішті қыспен бірге қалдырып, жаңа жылға таза ниетпен қадам басу. Арада қанша жыл өтсе де, "Жасың құтты болсын!" деген жылы сөздің қасиеті жойылмақ емес. 

209
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!